Солтүстік Қазақстан облысы заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражат ең көп бағытталған өңірлердің қатарына кірді. СҚО-ға Арнаулы мемлекеттік қордан 69,4 млрд теңге бөлінген. Бұл республика бойынша екінші көрсеткіш, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмысы 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында мемлекетке жалпы құны 1,154 трлн теңгенің активтері қайтарылған. Оның 1,044 трлн теңгесі — ақшалай қаражат. Бұдан бөлек, 75,7 млрд теңгенің жылжымайтын мүлкі, 12,1 млрд теңгенің компаниялардағы үлесі, 19,2 млрд теңгенің жер телімдері және 2,9 млрд теңгенің басқа да активтері мемлекет меншігіне өтті.
Қайтарылған қаражаттың қомақты бөлігі өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жұмсалып жатыр. Бүгінде республика бойынша 466 жобаны іске асыруға 617,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 235 жоба сумен жабдықтау, 190 жоба денсаулық сақтау, 17 жоба білім беру саласына тиесілі.
Өңірлер арасында ең көп қаражат Шығыс Қазақстан облысына — 78,9 млрд теңге бөлінген. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы тұр — 69,4 млрд теңге. Астанаға 64,7 млрд теңге бағытталған.
СҚО-да ақша қайда жұмсалды?
Солтүстік Қазақстан облысында қайтарылған активтердің едәуір бөлігі ауыз су мәселесін шешуге бағытталды. Бұған дейін Үкімет өңірдің су құбыры инфрақұрылымын дамытуға Арнаулы мемлекеттік қордан 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін хабарлаған. Бұл қаражатқа 48 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Бірқатар нысан қазірдің өзінде іске қосылды. Мәселен, Булаев топтық су құбыры реконструкцияланып, Ақжар және Тайынша аудандарындағы елді мекендерге су желілері тартылды. Салынған құбырлардың жалпы ұзындығы 290 шақырымнан асады. Сонымен қатар Көкшетау топтық су құбырына қосылатын су желісінің құрылысы жүргізілді. Бұл жоба Шал ақын және Айыртау аудандарындағы 24 ауылды ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы аталған жобалардың арқасында 22 мыңнан астам ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді.
Есіл ауданындағы Бірлік ауылында да қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы аяқталды.
Қайтарылған қаражат есебінен Петропавлда да әлеуметтік нысан бой көтерді. «Жас Өркен» шағын ауданында 280 орындық жаңа балабақша салынды. Жобаның құны шамамен 2 млрд теңгені құрады.
Қаражат денсаулық сақтау саласына да бағытталып отыр. Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасын күрделі жөндеуді аяқтауға қайтарылған активтерден 1,3 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында аурухананың техникалық базасы мен инженерлік желілері жаңғыртылуда.
Қаражаттың қайда жұмсалатынын кім шешеді?
Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат нақты жобаларға Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бөлінеді. Қаржыландыру көлеміне әкімдіктер ұсынған өтінімдердің саны, дайын жобалық-сметалық құжаттаманың болуы және өңірдегі инфрақұрылым тапшылығы әсер етеді.
Сондықтан облыстарға бөлінген қаражат көлемі бірдей емес. Бас прокуратураның түсіндіруінше, инфрақұрылым мәселесі өткір тұрған өңірлердегі жобаларға басымдық беріледі.
Қаражат бөлінгеннен кейін оның игерілуі бюджет заңнамасына сәйкес қаржылық бақылау, мемлекеттік аудит және қазынашылық сүйемелдеу арқылы қадағаланады.
Тағы оқыңыз: Анатолий Рафальский: Бірліктің нағыз үлгісін көрсетейік

