Петропавлда тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық шара өткізді. Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлескен акция барысында тұрғындарға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 342 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 28 адам қаза тауып, 500-ге жуық тұрғын түрлі дене жарақатын алған. Статистика одан әрі өршіп кетпес үшін облыста «Қауіпсіздік коды» республикалық акциясы ұйымдастырылды.
Полицейлер көлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелері мен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты сұрақтар қойып, шағын викторина өткізді. Дұрыс жауап бергендерге арнайы жапсырмасы бар бөтелкедегі су мен естелік сыйлықтар табысталды.
«Акцияның басты мақсаты – азаматтарға өз құқықтарын білу қажеттігін еске салу, зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға және дер кезінде көмекке жүгінуге шақыру», — деді СҚО ПД ҚҚБ отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі аға инспекторы Махаббат Шәйкенова.
Ақпараттық науқанның екінші бөлігі интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналды. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге киберқылмыскерлердің жаңа тәсілдері туралы айтып, жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндірді. Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 400-ден астам дерегі тіркелген. Тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асқан. Дегенмен жүргізілген профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мұндай қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген.
«Соңғы уақытта алаяқтықтың жаңа тәсілі таралуда. Алаяқтар өздерін eGov қызметкері ретінде таныстырып, цифрлық қолтаңбаны ұзарту үшін телефон пернетақтасындағы белгілі бір цифрларды басуды сұрайды. Кейін WhatsApp арқылы байланысқа шығып, азаматтың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, қорқытуға тырысады. eGov пен басқа да қызмет өкілдері банк құпиясы мен несиеге қатысты ақпаратты талап етпейді. Сондықтан азаматтарды қырағы болуға шақырамыз», — деді СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Милена Балацкая.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-da-152-myngnan-astam-aekimshilik-ajyppul-oendirildi/

