Петропавлдық Анастасия Глухих талантты суретшілердің бірі. Көркем суреттің бірнеше жанрын меңгерген кәсіби маман жақында «stop motion» әдісін меңгеріп қысқа метражды мультфильм жасап шығарған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Анастасия Глухихтің «stop motion» әдісін меңгергеніне біраз уақыт болған. Қылқалам шебері картиналарына «жан бітіруді» бұрыннан ойлап жүргенін айтады. Ол тың әдісті меңгеріп, халықаралық «Анимация stop motion» челленджіне қатысады. Сөйтіп, бір минуттық мультфильм дайындалы. Оған суретші үш күнін жұмсаған.
«Мультфильм желісін ойлап табу, кейіпкерлердің сұлбасын жасау қиындық тудырмады. Дегенмен камераға түсірген суреттерді жинап монтаждау біраз уақытты алады екен. Туындының негізгі идеясы — жақсылыққа ұмтылу. Басты рөлге қасқыр, қоян, шөжені алдық. Ұлым кейіпкерлердің суретін салып, мультфильмді әуенмен әрлеуге көмектесті», — дейді суретші.
Суретшінің балалары да талантты. Үлкені әнші болса, 12 жастағы ұлы анасының жолын қуып қағаз бен қылқаламды жанына серік еткен. Жақында ғана халықаралық фестивальге қатысып, жүлделі оралыпты.
«Сурет салумен үш жасымнан бері айналысамын. Бастапқы кезде сүйікті мультфильм кейіпкерлерінің бейнесін қағаз бетіне түсіретінмін. Анамның қолдауының арқасында қабілетімді дамыттым. Жақында «Арт Азия» байқауына қатысып бірінші орынды жеңіп алдым», — деді Дмитрий Глухих
Бүгінде Анастасия Глухих жүздеген картинаның авторы, бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазы атанып үлгерген. Жақында жеке сурет көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз:СҚО-да есірткі жасырумен айналысқан қыздар ұсталды