Петропавлдағы жылу желілерінің тозу деңгейі 81 пайызға жеткен. Аталған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында шаһардағы жылу магистралдары қайта жаңғыртылуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында бес жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазіргі уақытта № 2, № 3 және № 8 жылу магистральдарын қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар қаланың орталық бөлігін, Жұмысшы кентін, теміржол вокзалы маңын, сондай-ақ Жас Өркен, Орталық және Береке шағын аудандарын қамтиды.
Биыл № 8 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі 1,7 %-ға төмендейді. Барлық жобалар толық жүзеге асырылғаннан кейін келесі жылы бұл көрсеткіш 5 %-ға азаяды.
«Атқарылған жұмыстар жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттырып, апат қаупін төмендетуге және жаңа нысандарды қосуға қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, әр істің сапасына назар аударыңыздар. Сонымен қатар, жобалардың уақытылы аяқталуына қадағалыңыздар», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Айта кету керек, Үкімет қаулысымен резервтен облыс орталығындағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға шамамен 650 млн теңге бөлінді. Биыл шаһарда мың жарым шақырымға жуығы демонтаждалып, жаңа жылу желілері тартылады. Өткен жылы 700 метрі жаңартылған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да еріктілер мен футболшылар 28 балаға көмек көрсетті

