Петропавлдағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи мектептерін жалпы 20 түлек бітіріп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазір Петропавлда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған екі мектеп жұмыс істеп тұр. Олар — Орман шағын ауданындағы №28 мектеп және Береке шағын ауданындағы №29 мектеп. Екі білім ошағы да заманауи кабинеттермен, зертханалармен және цифрлық құралдармен жабдықталған.

№28 мектеп биыл 14 оқушыны үлкен өмірге шығарады. Әзірге түлектер арасында «Алтын белгі» иегерлері жоқ. Алайда мектеп оқушылары олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда жақсы нәтиже көрсетіп үлгерген.
2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың мамырына дейін №28 мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, бірнеше жүлделі орынға ие болды. Олардың қатарында «Ел үміті», «Формула успеха», «Бастау», «Тарих ата», «Ақбота», «Зерде» жобалары мен пәндік олимпиадалар бар.

Мектеп қоржынында 12 жүлделі орын бар. Оқушылар математика, физика, химия, ғылыми жобалар және шығармашылық бағыттар бойынша көзге түскен.
Ал №29 мектепте әзірге спорттық бағыттағы жетістіктер басым. Оқушылар облыстық жарыстарда жүлделі орындар алып жүр.
Білім басқармасының өкілдері алдағы жылдары бұл мектептердің нәтижесі одан әрі жақсаратынына сенімді. Себебі балалардың сапалы білім алып, қабілетін дамытуына барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында ел бойынша 83 жаңа білім беру ұйымы ашылды. Оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде осындай 217 заманауи мектеп ашу жоспарланған. Бүгінде бұл жобаның маңызы ерекше. Себебі экономиканы цифрлық жаңғырту кезеңінде адами капиталды дамытуға, сапалы білім мен заманауи дағды қалыптастыруға басымдық беріліп отыр.
Тағы оқыңыз: Ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнерпаздар ауылдарды аралауда

