Петропавлда алдағы уақытта 1000 орындық жекеменшік мектеп пен көпфункционалды сауда кешені бой көтереді. Сонымен қатар, түрік инвесторлары аквапарк салады. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Қала әкімінің айтуынша, Копай шағын ауданында 1000 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құрылысы жоспарланған. Жобаның инвестициялық көлемі 12 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар, «Mergen Construction» серіктестігі құны 5,3 млрд теңге болатын көпфункционалды сауда кешенін салуды жоспарлап отыр.
Шаһар басшысы қалада тағы да бір аквапарк пайда болатынын жеткізді. Ол «Қызылжар» экопаркі аумағында болады.
«Аквапарк түрік инвесторларымен бірлескен жоба болмақ. Олардың бұл бағытта тәжірибелері бар. Бүгінгі күні құрылыс жүргізілетін жер учаскесі таңдалды. Жаңа демалыс аймағы шамамен 2 мың адамға шақталған болады»,-деді қала әкімі.
Аквапарктің құрылысы биыл басталады. Оның құны 2 млн АҚШ долларына дейін бағаланып отыр.
Қала әкімі жаңа жобалар бюджетке түсетін салық көлемін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ Копай шағын ауданын дамыту жұмыстары жалғасуда. Мұнда су құбыры мен кәріз желілерінің құрылысы аяқталған. Қазір жолдар, автотұрақтар мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл өңірлік жедел медициналық жәрдем орталығының құрылысы да басталады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «Таза Қазақстан» акциясы аясында интерактивті шара өтті


