Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған сайыс өтті. Шарада жастарға заңға байланысты сұрақтар қойылып, дараландарына бағалы сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған сайыс өтті. Шараға «Құқықтық тәртіп чемпионаты» тақырыбы берілді. Жарысқа жастар ресурстық орталығының белсенділері мен волонтерлер қатысты
«Шараның мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыни ойлау қабілетін дамыту. Заң мен қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға үйрету. Бүгін жастар командаларға бөлініп, нақты жағдайларды талдайды. Яғни, заң қандай жағдайда бұзылатынын, оның қандай салдары болуы мүмкін екенін және дұрыс әрекет етудің жолдарын өздері анықтайтын болады», — деді СҚО жастар ресурстық орталығының басшысы Анастасия Волкова.
Шараға 20-дан астам жас қатысты. Қатысушылар 4 топқа бөлініп, кейс түріндегі тапсырмаларды талдады. Қатарластарының арасынан өзін белсенді көрсеткеннің бірі — Ерназар Абай. Жасөспірім мұндай шаралардың жас буын үшін маңыздылығына тоқталды.
«Осындай іс-шараларға бізді бірінші рет шақырып жатқан жоқ. Маған шараларға қатысқан ұнайды. Бүгінгі кездесудің мен үшін маңызы зор. Себебі, бізге заң жайлы тұжырымдамаларды зерттеп-зерделеп түсіндіреді», — деді шараға қатысушы Ерназар Абай.
Тағы оқыңыз: Президент 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні шектеу бастамасын қолдады

