Петропавлда алдағы жылдары бірнеше ірі спорт нысаны бой көтереді. Жоспарда әмбебап спорт сарайы, мұз аренасы және футбол академиясы бар. Жаңа жобалардың егжей-тегжейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтып берді, деп жазады Qazaqstan Media.

Ең ірі нысандардың бірі Жәлел Қизатов көшесінде салынып жатқан әмбебап спорт аренасы болмақ. Жобаның құны — шамамен 30 млрд теңге.

Петропавлда ондаған миллиард теңге тұратын үш ірі спорт нысаны салынады
Петропавлда ондаған миллиард теңге тұратын үш ірі спорт нысаны салынады

«Мұнда 50 метрлік бассейн, 13 спорт залы болады. Нысан 7,5 мың адамға есептелген. Футзал аренасы және бес мың адам тамашалай алатын үлкен экран қарастырылған. Біз бұл жұмысты бастап кеттік», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Екінші үлкен жоба — құны 23 млрд теңге болатын мұз аренасы. Оның құрылысы да басталған. Әкімнің айтуынша, мұндай нысан салу туралы ұсынысты жергілікті спортшылар бірнеше жыл бұрын көтерген. Жобада керлингке арналған үш алаң, екі хоккей алаңы және 400 метрлік конькимен жүгіру жолы қарастырылған. Сондай-ақ фитнес аймағы болады. Жоспар бойынша мұнда халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ.

«Бұл спортшылардың көптен бергі арманы еді. Олар маған екі жыл бұрын да өтініш айтқан. Бізде 400 метрлік конькимен жүгіру алаңы болған жоқ. Енді халықаралық жарыстар өткізуге жағдай жасалады», — деді облыс әкімі.

Екі ірі спорт кешенінің салынуы Қизатов көшесіне түсетін көлік жүктемесін де арттырады. Сондықтан көшені төрт жолаққа дейін кеңейту жоспарланып отыр. Әкімнің мәліметінше, жолды қайта жаңарту жобасының құны шамамен 15 млрд теңге.

«Екі үлкен спорт сарайы салынған кезде Қизатов көшесі тарлық етеді. Көлік өте алмай қалуы мүмкін. Сондықтан келесі жылы оны төрт жолақты етіп кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Қалада үшінші ірі спорт жобасы да дайындалып жатыр. Береке ықшамауданы бағытындағы Сенная көшесінде заманауи футбол академиясын салу көзделген. Жобада бес мың көрерменге арналған жабық стадион, 100 орындық футбол академиясы және екі стандартты футбол алаңы қарастырылған. Оның бірі жабық манежде, екіншісі ашық аспан астында орналасады. Әкімнің айтуынша, жобаның сараптама қорытындысы қазан айының соңы немесе қараша айының басында дайын болуы тиіс. Құрылыс келесі жылы басталады деп жоспарланған.

Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданында World Cleanup Day аясында көшеттер отырғызылып, сенбіліктер өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *