Петропавлда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Жастар есірткіге қарсы» акциясы өтті. Шараға облыс орталығының белсенді ұл-қыздары қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Жастар есірткіге қарсы» акциясына қыз-жігіттер мен еріктілер қатысты. Олар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайларын бағалады. Кейін спорттық жаттығулар жасап, күштері мен төзімділіктерін сынады.
«Іс-шараның негізгі мақсаты — жастарды салауатты өмір салтына шақыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу. Сонымен қатар,есірткі, алкоголь денсаулыққа зиян екенін түсіндіру», — деді СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Мұса Әубәкіров.
Акцияға 50-ден астам адам қатысты. Статистикаға сүйенсек, биыл облыста есірткіге қатысты 124 құқық бұзушылық тіркелген. Барлығы 14 келі зиянды зат тәркіленіпті. Екі жасырын зертхана әшкереленіп, есірткі жеткізумен айналысқан 10 бірдей арнаның жолы кесілген.
Тағы оқыңыз: Ақжар ауданында жол-көлік апатына түскен жандардың жағдайлары өте ауыр

