Петропавлда ерлікпен қаза тапқан құтқарушыларды еске алуға арналған турнир өтті

Петропавлда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан 70-ке жуық қазақстандық құтқарушыны еске алуға арналған қазақ күресінен турнир өтті. «Бейбіт күннің батырлары» деп аталған шараға еліміздің 10 облысы мен Астана қаласынан және Азаматтық қорғау академиясынан келген 84 спортшы қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.  

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қызметтік борышын өтеп жүріп 68 қазақстандық құтқарушы қаза тапқан. Өзгенің өмірін ажалдан арашалап қаламын деп өз өмірін қиған бұл жандардың ерлігі әрине, ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі шара соның айқын дәлелі деді жиналғандарды турнирдің ашылуымен құттықтаған өңірдің бас құтқарушысы Ерік Сарыбаев.

«Қаза тапқан әрбір құтқарушының есімі есімізде. Бірнеше жылдар өтсе де, олардың жасаған  ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болып қала береді. Бүгінгі турнир қатысушыларына алғысым шексіз. Палуандарға сәттілік тілеймін», – деді Ерік Сарыбаев.

Әріптестерін еске алуға арналған шараға қатысып жатқандардың бірі – Қайрат Сейдахметов. Ол Алматы облысы ТЖД еңбек етеді. 74 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген палуан бүгінгі турнирдегі алғашқы қарсыласын айқын басымдықпен жеңген.

Петропавлда ерлікпен қаза тапқан құтқарушыларды еске алуға арналған турнир өтті

Петропавлда ерлікпен қаза тапқан құтқарушыларды еске алуға арналған турнир өтті

«Алғашқы қарсыласым Астана қаласының палуаны болды. Осал емес, дайындығы мықты екен. Десе де, оны ұпай санымен ұтып кеттім. Қазір келесі кездесуге дайындалып жатырмын. Жалпы, осындай жарыстарға қатысып, ТЖД намысын қорғап жүргеніме 5 жыл болды. Бұл спорт түрін таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені, жұмысымыз шапшаң қимылдап, тез әрекет етуді қажет етеді», – дейді палуан.

Ал «Қызылжар арландары» клубының атынан өнер көрсетіп жатқан солтүстікқазақстандық Жандос Нұрбек 3 қарсыласын жеңіп, жартылай финалға шыққан. Бүгіндері Астанадағы дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының 2-ші курсында оқып жатқан жерлесіміз бала кезінен қазақ күресімен айналысады.

«Алғаш рет боз кілемге 7 жаста шықтым. Содан қазақ күресі жаныма жақын. Өзім спорт интернатта оқыдым. Жалпы, бүгіндері ұлттық спорт түрі жақсы дамып жатыр. Біздің клубымыздың атынан бүгінгі жарысқа 20 шақты палуан қатысып жатыр. Аяқ алыстары жаман емес», – дейді Жандос Нұрбек.

Петропавлда ерлікпен қаза тапқан құтқарушыларды еске алуға арналған турнир өтті

Жалпы, турнир еліміздің 10 облысы мен Астана қаласынан және Азаматтық қорғау академиясынан келген 84 спортшының басын қосқан. Олар 3 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетуде.

«Бүгінгі турнирге 66, 74 келі салмақта және түйе палуандар қатысып жатыр. Жарыстың деңгейі өте жоғары. Мұнда әлем, Азия чемпионатының жүлдегерлері бар. Жалпы, аталған шара ел көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Келешекте дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарда бар. Турнирдің өткізілуіне «Бейбіт күннің батырлары» қоғамдық қоры мұрындық болған. Ұйымды бұрын азаматтық қорғаныс саласында еңбек еткен азаматтар құрған. Олар қызметте жүріп қаза тапқан әріптестерін осылайша еске алуда. Осы қор жарыс жеңімпаздарына медаль, диплом және ақшалай сертификаттар әзірлеген. Бұдан бөлек, көрермен көзайымы номинациясына ие болған спортшыға да 100 мың теңге табысталады», – деді турнирдің бас төрешісі Асылхан Болатов.

Сондай-ақ жеңіске жеткен әр палуанның жаттықтырушысына да ақшалай сертификат табысталады.

Тағы оқыңыз: Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО әкімі болып тағайындалды

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x