Петропавлда үш адамды өлтірді деп айыпталған ер адамның ісі қайтадан сотта қаралады

Петропавлда алқабилер шығарған тағы бір үкімнің күші жойылды. Сөйтіп, екі бала мен әйелді өлтіріп, кейін өртеп жіберді деп айыпталған азаматтың ісі қайтадан сотқа жіберілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Мұндай шешімді апелляциялық шағымды қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шығарды.

Еске сала кетейік, былтыр қыркүйек айында Петропавлдағы Береке ықшам ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, екі бала мен әйел адам көз жұмды. Отқа оранған үйден Александр Канищев қана қашып шыққан. Ал біраз уақыт өткеннен кейін ер адам туған інісі Савелий Савицкийді, азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш пен оның бір жасар қызы Александраны өлтіріп, қылмысын жасыру үшін үйді өртеді деп айыпталған болатын. Себебі, сараптама қорытындысы балалардың тыныс алу жолында улы газ бен ыстық жоқ екендігін көрсеткен. Яғни, балалар өртке дейін қайтыс болған.

Александр Канищев өз кінәсін мойындамады. Ер адам өзі де сол түні өліп кете жаздағынын айтты. Себебі, ол жанып жатқан үйден жақындарын алып шықпақ болған. Алайда, өзі түтінге тұншығып, терезені сындырып, әрең құтылған.

Прокурор оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда алқабилер соты Александр Канищевті толық ақтады.

Бұл шешіммен мемлекеттік айыптаушы мен қайтыс болған Алина Котяштың анасы келіспей апелляциялық шағым түсірді. Оны қарастырған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы алқабилер шығарған үкімнің күшін жойды. Себебі, алқабилер құрамы дұрыс жасақталмаған. Олардың кейбірінің туысқандары бұрын істі болған екен.

Айта кету керек, бұл биылдыққа күші жойылған осымен үшінші сот үкімі. Бұған дейін алқабилер М. Жұмабаев ауданында кісі өлтірді деп айыпталған жасөспірімдер мен кәсіпкерден ақша бопсалады деп айыпталған петропавлдық блогерлерді ақтап шыққан болатын. Қазір олардың ісі сотта қайтадан қарастырылып жатыр.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Біржан салға арналған әдеби-музыкалық кеш өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *