Петропавлда туған інісі мен азаматтық некедегі әйелі және оның қызын өлтіріп, қылмысын жасыру үшін өрт қойды деп айыпталған азаматқа қатысты сот үкім шығарды. Алқабилер соты Александр Канищевті толық ақтап, ол сот залында босатылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қайғылы оқиға бір жыл бұрын Береке ықшам ауданда болған. Жеке тұрғын үйден өрт шығып, екі бала мен әйел адам көз жұмды. Кейін осы іске қатысы бар деген күдікпен Алина Котяштың азаматтық некедегі күйеуі Александр Канищев ұсталды. Ол сол түні қызыл жалын тұтанған үйден аман қалған жалғыз адам еді. Прокурор айыптау актісінде Александр Канищев екі бала мен әйелді өлтіріп, қылмысын жасыру үшін үйді өртеген деді. Себебі, сараптама балалардың тыныс алу жолдарында улы газ бен ыстың жоқ екендігін көрсетті. Яғни, бір жасар Александра Котяш пен төрт жасар Савелий Савицкий өртке дейін қайтыс болған. Сондай-ақ Александр Канищев танысын тонап, 20 мың теңгені ұрлады деп айыпталған болатын.
Сотта Александр Канищев өз кінәсін мойындамады. Ол жақындарының өліміне және ұрлыққа еш қатысым жоқ деп ақталды.
Прокурор оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда алқабилер соты Александр Канищевті толық ақтады.
«ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі (тонау), ҚР ҚК 99-бабы 1, 3, 5-тармақтарының 2-бөлігі (екі не одан да көп адамды өлтіру, кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, айрықша қатыгездікпен өлтіру) және ҚР ҚК 99-бабының 3-бөлімі (жас баланы өлтіру) бойынша айыпталған Александр Канищевтің кінәсі дәлелденген жоқ. Оның үстінен қозғалған барлық айып алынып, сот залынан босатылсын», — деді үкімді оқыған СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дастан Ысмайлов.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Бесінші қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі