Петропавлда екі бала мен әйелдің өмірін қиған өртке қатысты сот отырысы жалғасуда. Бұл жолы оқиғаға кінәлі деп танылған күдіктіден жауап алынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сот отырысы барысында Александр Канищев өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні ол кешкі бестер шамасында жұмыстан үйіне келіп, тамағын ішіп, ұйықтап қалған. Кейін оны азаматтық некедегі әйелі Алина Котяш оятып, түтін иісі шығып жатқанын айтқан.
«Мен бірден атып тұрып, үйдің кіреберіс бөлігіне қарай бардым. Түтін дәлізге шығатын есіктің астынан келіп жатты. Есікті ашқанда төбе мен қабырғалардың жанып жатқанын көрдім. Ол кезде Алина мен балалар ас бөлмеде болған. Мен оларға соңымнан еріңдер, қазір терезені сындырып, сол жақтан шығамыз дедім. Сөйтіп, залдың терезесін аяғыммен тебе бастадым», — деді Александр Канищев.
Ал терезені сындырып, артқа бұрылғанда Алина мен балалар қасында болмаған. Содан ол өрт шыққан бөлмеге қарай барып, үй ішіндегілерді тауып алмақшы болады.
«Үйдің іші қара түтінге толды. Мен көзімді, ауызымды жауып, әрең дегенде дәлізге қарай жеттім. Осы сәтте Алинаның: «Саша, мен өліп бара жатырмын» деген дауысын естідім. Балаларды іздей бастадым. Бірақ таба алмадым. Осы сәтте өзімнің де тұншығып, дем жетпей жатқанын түсініп, келген жолмен артқа қарай кеттім», — дейді күдікті.
Ол терезе арқылы сыртқа шығып, көршісінің үйіне барып, көмек сұраған. Сол жерде Александр есінен танып қалады. Кейін оны тәртіп сақшылары медициналық куәландыруға апарған.
Араға екі күн салып Александр Канищевтің өзі де ауруханаға түсіп қалады. Ол улы газдан уланған. Бірақ толығымен ем қабылдай алмаған. Оның айтуынша, тергеушілер тарапынан оған қысым көрсетілуде.
Сот отырысына қаза тапқан Алинаның анасы Надежа Котяш та келді. Ол қызы мен болашақ күйеу баласының қарым-қатынасы жақсы болғандығын айтты.
Жалпы, Алина мен Александр бір-бірін ұзақ уақыт білмеген. Бір айдай телефон арқылы хабарласып, кейін бірге тұруға шешім қабылдапты.
«Мен Алинаны жақсы көрдім. Тіпті, біз бір-екі айдан соң үйленіп, Александраға өз тегімді бергім келді. Оны да туған қызымдай жақсы көрдім», — деді Александр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да суға шомылу маусымы басталды