Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл мектеп-гимназиясында маңызды кездесу өтті. Ол «Заң мен тәртіп» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында профилактикалық бағытта болды. Іс-шараны Жастар ресурстық орталығының мамандары ұйымдастырды. Олар жоғары сынып оқушыларымен «Лудомания – қауіпті дерт» тақырыбында мазмұнды түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп жазады Qazaqstan Media.
Бүгінгі таңда жасөспірімдерді түрлі тәуелділіктерден қорғау – қоғам алдындағы өзекті міндеттердің бірі. Кездесудің негізгі мақсаты – оқушыларға құмар ойындардың шынайы зиянын түсіндіру. Олардың салдары туралы нақты ақпарат беру болды. Ұйымдастырушылар жасөспірімдердің санасына ойынқұмарлықтың тек уақыт өткізу емес, адамның өміріне, психологиялық жағдайына, қаржылық ахуалына кері әсер ететін қауіпті тәуелділік екенін жеткізуді көздеді.

«Лудомания – бұл жай ғана қызығушылық емес, ол адамның еркінен тыс қалыптасатын психологиялық тәуелділік. Оның салдары тек қаржылық шығынмен шектелмейді, отбасы қарым-қатынасының бұзылуына, әлеуметтік оқшаулануға алып келеді. Сондықтан мұндай қауіптің алдын алу – ең тиімді жол», – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының маманы өз сөзінде.
Кездесу барысында оқушыларға ойынқұмарлықтың алғашқы белгілері, оның қалыптасу себептері мен кезеңдері кеңінен түсіндірілді. Мамандар жасөспірімдерге уақытты тиімді пайдалану, бос уақытты пайдалы істерге арнау, спортпен айналысу және шығармашылық қабілеттерді дамыту арқылы мұндай тәуелділіктің алдын алуға болатынын айтты.
Сонымен қатар, іс-шара интерактивті форматта өтті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ашық диалог барысында олар «жеңіл ақша» ұғымының артында үлкен қауіп жатқанын түсініп, оның салдары туралы ой түйді.
«Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастарға дұрыс бағыт беру. Біз олардың саналы таңдау жасап, болашағына жауапкершілікпен қарауын қалаймыз. Әрбір жас өз өмірінің құндылығын түсініп, зиянды әдеттерден аулақ болғаны маңызды»,- дейді ұйымдастырушылар.
Аталған шара жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, қоғамдағы жағымсыз құбылыстарға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі, саналы, жауапкершілігі жоғары ұрпақ – ел болашағының кепілі.
Тағы оқыңыз: Облыс аумағында ұрланған малдың етін Ақмола облысында сатпақ болғандар ұсталды

