Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Новоишимское ауылында орналасқан «МаслоДел» ЖШС аумағында өрт шықты, деп жазады Qazaqstan Media. Алдын ала мәлімет бойынша, күнбағыс тұқымына арналған кептіргіштен от тұтанған.
Техногендік өрт туралы хабар 23 сәуір күні таңғы сағат 06:30-да түскен. Оқиға орнынан шыққан қара қою түтін мен жалынның видеосы мен фотосы әлеуметтік желілерде тез тарады.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті мен өрт сөндіру бөлімдерінің күштері жұмылдырылды. Сонымен қатар, көмекке Айыртау мен Шал ақын аудандарынан арнайы техникалар жеткізілді.
Жалпы алғанда, оқиға орнында ТЖД-нің 35 қызметкері мен сегіз техникасы жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, көмекке ассенизатор, бензовоздар, 30 метрлік кран, Жаңа Есіл стансасынан өрт сөндіру пойызы, тиегіш және манипулятор тартылған.
Өрт орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің және өрт сөндіру бөлімінің жетекшілері де барған.
Қазір қызыл жалынды ауыздықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар- Ордабасы»: Қай команда жеңіске жетеді?

