Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін 1613 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ведомствоның мәліметінше, қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын көзбен тануға мүмкіндік бермейтіндей дәрежеде бетті жабатын киім киюге заңмен тыйым салынған. Бұл талап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңның 75-бабында көзделген.

Алайда тыйым барлық жағдайға бірдей қолданылмайды. Ауа райының қолайсыз кезінде, медициналық көрсетілімдер бойынша, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындау барысында, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысқан кезде бет-жүзді жабуға рұқсат етіледі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабына сәйкес, мұндай талапты алғаш рет бұзған азаматтарға ескерту жасалады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта тіркелсе, онда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

ІІМ өкілдері бұл талаптың мақсаты азаматтардың құқықтарын шектеу емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылады», – деп мәлімдеді министрлікте.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген талаптарды сақтауға шақырды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да 1500-ден астам адам «Жеке менеджер» сервисін пайдаланған

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *