Рамазан басталады
19 ақпанда барша мұсылмандар үшін он екі айдың сұлтаны — қасиетті Рамазан айы басталады. Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға ораза ұстау – парыз. Рамазан айы 19 наурызға дейін жалғасады.
Ұлттық қордан қанша ақша түседі
1 ақпанда «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында мыңдаған баланың есепшотына ақша аударылады. Әрбір балаға шамамен 130 доллар түседі.
Ипотеканы өтеу тәртібі қалай өзгереді
Отбасы банкі 2 наурызға дейін зейнетақы жинақтарының есебінен ипотеканы өтеуге өтінімдерді қабылдауды тоқтатты. Мамандар мобильді қосымшаны және otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетті жаңа талаптар бойынша өзгертеді. Бұдан былай зейнетақы қорынан аударылған ақшаға ипотеканың негізгі қарызын ғана жабуға болады. Ал проценттер мен айыппұлдар қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді.
Жаңа талапқа сәйкес, проценттердің ақысы ағымдағы есепшоттан, ал негізгі қарыз арнайы шоттан алынады. Сондықтан ақшаны алдын ала салып қойған жөн.
Мектеп пен балабақшаларда тексеріс басталады
Осы айдан бастап мектептер, балабақшалар, лагерьлер және басқа да ұйымдар бойынша бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Атап айтқанда, жоспарлы тексеріс жоғары, орташа немесе төмен тәуекел дәрежесіне жатқызу нәтижелері бойынша тағайындалса, жоспардан тыс тексеру мемлекеттік бақылау субъектісіне хабарланбастан жүргізіледі.
Оған жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негіз бола алады. Сосын заңнама талаптарын бұзудың нақты фактілері анықталған жағдайда жоспардан тыс тексеріс жіберіледі.
Әскери кафедраға өтініштер онлайн беріледі
1 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері әскери кафедраға өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта жібере алады.
Өрт қауіпсіздігі талабы күшейтіледі
1 ақпаннан бастап Қазақстанда объектіні қабылдау және пайдалануға бермес бұрын оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алу қажет.
Бұл талап адамдар жаппай болатын нысандарға, сондай-ақ, биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерге де қолданылады.
Паспорт алу үшін — емтихан
3-10 ақпан аралығында Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлерге арналған емтиханға өтініш қабылдау басталады. Өтінішті ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады.
Фонограммаға қатысты талаптар күшіне енеді
Бұған дейін президент концерт кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойған болатын. Бұл құжат 60 күннен кейін, яғни, 4 ақпанда күшіне енеді. Заң талаптарына сәйкес, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген жерде фонограмма пайдалануға рұқсат беріледі. Ал техникалық тұрғыда толығымен жабдықталған залда фонограммамен ән айтуға тыйым салынады. Фонограмма пайдаланғаны үшін айыппұлдың көлемі 4 млн теңгеге дейін артып отыр.
Салық
Биыл 1 наурызға дейін жеңілдетілген декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер салық органына міндетті түрде хабарлама тапсыруы керек. Ол хабарлама берілмесе, кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу режиміне ауыстырылады.
Ал патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл режимде жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ.
Бұл айда мемлекеттік мерекелер жоқ. Сондықтан қосымша демалыс болмайды. Қазақстандықтар тек сенбі-жексенбі күндері тыныға алады.

