Қоршаған ортаны қорғау тек сенбілік өткізіп, қоқыс жинаумен шектелмейді. Күнделікті қарапайым әдеттің өзі табиғатқа қамқорлықтың бір көрінісі. Осы идеяны жастарға жеткізу үшін Солтүстік Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» аясында «Бір қадам — бір игі іс» экологиялық интерактиві ұйымдастырылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Қатысушылар үшін төрт арнайы станция дайындалды. Жастар блиц-сауалдарға жауап беріп, пазл құрастырды, экологиялық викторинаға қатысты және қоршаған ортаны қорғауға байланысты түрлі ситуациялық тапсырмаларды орындады. Ұйымдастырушылар белсенді қатысушыларға тәтті сыйлықтар да әзірледі.
Іс-шараның басты мақсаты — экологиялық мәселелер туралы білімді арттырып қана қоймай, жастарды күнделікті өмірде табиғатқа пайдасын тигізетін қарапайым әрекеттерге ынталандыру.
«Біз қоршаған ортаға қамқорлық тек тазалық жұмыстарымен шектелмейтінін көрсеткіміз келеді. Қоқысты сұрыптау, табиғатқа ұқыпты қарау, күн сайын ең болмағанда бір пайдалы іс жасау — мұның бәрі маңызды. Басты мақсатымыз — әр қатысушының бойында қоршаған ортаға көмектесуге деген ниет қалыптастыру», — дейді СҚО бойынша «Birgemiz» волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Анастасия Волкова.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жастардың қатысуымен 400-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылған.

Интерактивке басқа өңірден келген жастар да қатысты. Қостанай облысының өкілі Виктория Савина командасымен бірге ерекше тапсырмалардың бірін орындаған.
«Біз негізі семинарға қатысуға келгенбіз. Одан шыққасын осындай ерекше іс шараға қатысып жатырмыз. Бізге банан бейнеленген тапсырма түсті. Музыка әуенімен “Титаник” фильміндегі көріністі көрсетуіміз және қоқыс жинауымыз керек болды. Тапсырманы сәтті орындадық. Осындай шаралар жастардың ашық болуына, бір-бірімен жақынырақ танысып, жаңа достар табуына көмектеседі», — дейді Виктория Савина.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойын форматындағы тапсырмалар экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастарды біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Тағы оқыңыз: СҚО элеваторларына 1,1 млн тоннадан астам егін астығы түсті

