Солтүстік Қазақстан облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Бұл жоба жергілікті шикізатты пайдаланып, өз өнімін дамытқысы келетін кәсіпкерлерге арналған, деп жазады Qazaqstan Media.
Жобаға азық-түлік өндіретіндер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілер және қолөнер бұйымдарын жасайтын шеберлер қатыса алады. Ең басты талап – өнім жергілікті ресурстардан дайындалуы керек.
Қатысушыларға алдымен тегін кеңес беріледі. Кейін арнайы өңірлік көрме ұйымдастырылып, онда кәсіпкерлер өз тауарларын сарапшыларға ұсынады.
Көрме нәтижесі бойынша үздік жобалар таңдалып, олар мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады. Сондай-ақ финалистерге оқыту, өнімді жетілдіру және оны нарыққа шығару бойынша қолдау көрсетіледі.
СҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, соңғы үш жылда жобаға 74 кәсіпкер қатысып, 10 жеңімпаз анықталған. Оның бесеуі грант иегері атанған.
Өтінімдер Петропавл қаласы, Е.Бөкетов көшесі, 31А, «Әлем» бизнес орталығы, 2-қабатта қабылданады. Қосымша ақпаратты 1432 байланыс орталығынан немесе +7 776 503 30 70 телефоны арқылы алуға болады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан әйелге айыппұл салынды

