Қазақстанда әлеуметтік көмек беру тәртібі түбегейлі өзгереді. Енді мемлекет көпбалалы немесе басқа да әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға бірдей жәрдемақы төлеуден бас тартып, тек мұқтаж отбасыларды қолдауға көшпек. Бұл туралы Құрылтай отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі жүйеде ауқатты және тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар мемлекеттен бірдей қолдау алады. Премьер-министр мұны әділетсіз деп есептейді.
«Біз әлеуметтік қамсыздандыру саласында үлкен реформа жүргізіп жатырмыз. Енді адамның қандай санатқа жататынына емес, оның көмекке қаншалықты мұқтаж екеніне қараймыз. Бұл қағида келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап толық күшіне енеді. Қазір көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне емес, өз мүмкіндіктеріне сүйенуі керек екенін айтты.
«Өзін қамтамасыз ете алатын бай, ауқатты адамдар мемлекеттен көмек алмауы тиіс. Олар өз күшіне сенуі керек. Мемлекет қазіргі өмірлік жағдайына байланысты өзін қамтамасыз ете алмайтын адамдарға ғана қолдау көрсетуі керек және көрсетеді», – деді Үкімет басшысы.
Жаңа жүйе бойынша әлеуметтік көмек алатын азаматтардың материалдық жағдайы ескеріледі. Үкімет мемлекеттік қолдау адамдардың қиын жағдайдан шығып, өз бетінше табыс табуына мүмкіндік беруі тиіс деп есептейді.
Реформа бюджетке де айтарлықтай әсер етпек. Үкіметтің болжамынша, 2027 жылы 700 млрд теңге, ал үш жылда шамамен 2,5 трлн теңге үнемделеді. Босатылған қаражат денсаулық сақтау, білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға бағытталмақ.
Осылайша, 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындауда басты өлшем адамның мәртебесі емес, отбасының нақты қаржылық жағдайы болмақ.
Тағы оқыңыз: Санкт-Петербургтен келген велосаяхатшыға теріскейлік полицейлер көмектесті

