Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Еріктілер қала тұрғындарын балаларды мектепке дайындауға атсалысуға шақырады. Әсіресе олар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шығатын оқушылар үшін рюкзак, дәптер, қалам мен басқа да оқу құралдарын сатып алу көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
1 қыркүйекке санаулы апта қалды. Осыған орай петропавлдық еріктілер жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын бастады. Қазір 300 балаға көмек қажет. Олардың барлығы — көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар. Кейбір жанұялар үшін баланы жаңа оқу жылына толық дайындау айтарлықтай қаржылық шығынға айналады.
Еріктілердің айтуынша, көмектесу үшін міндетті түрде тұтас бір мектеп жиынтығын сатып алудың қажеті жоқ. Бір рюкзак, бірнеше дәптер, қалам немесе бояудың өзі ортақ іске қосылған үлес.
«Әр бала мектепке жақсы көңіл күймен және оқуына қажетті барлық затпен баруы керек. Біз балалардың дәптерді немесе сөмкені қайдан аламын деп емес, жаңа білім, достары мен армандары туралы ойлағанын қалаймыз. Тіпті бір қалам немесе альбом сатып алып берсеңіз де, бұл — үлкен игі іске қосқан үлесіңіз. Әркім аз да болса көмектессе, 300 баланың барлығын мектепке дайындай аламыз», — дейді «Помощь рядом» еріктілер қозғалысының жетекшісі Дамир Абдин.
Қайырымдылық акциясына кез келген адам қатыса алады. Балаларға мектеп сөмкелері, дәптерлер, қаламдар, қарындаштар, фломастерлер, пеналдар, сызғыштар, сурет альбомдары, бояулар және басқа да кеңсе тауарлары қажет.
Еріктілер үшін қазір әр күн маңызды. Себебі оқу жылы басталғанша 300 баланың сөмкесін қажетті құралдармен толтырып үлгеру керек. Акцияға қатысу және қажетті заттарды қайда жеткізуге болатынын білу үшін Дамир Абдинге +7 777 620 8727 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да белсенді жастар қаржылай гранттарға ие болды

