Қазақстанда 15 сәуір ұлттық ғашықтар күні ретінде танылып келеді. 2011 жылдан бері аталып өтетін бұл күн қазақтың мәңгілік махаббат символына айналған Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу есімдерімен тығыз байланысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Ұлттық ғашықтар күнін атап өту идеясы 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай тарапынан ұсынылған. Бастама халық арасында қолдау тапқанымен, мерекенің нақты күні біраз уақыт белгіленбей келді. Кейін бұл күн көктемнің шуақты шағы – 15 сәуірге бекітілді. Ал 2011 жылы Алматы қаласында бұл дата алғаш рет ресми түрде аталып өтті.
Неге Қозы мен Баян?
Мерекенің Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу есімдерімен байланыстырылуы кездейсоқ емес. Бұл қос ғашық – қазақ даласындағы адалдық пен кіршіксіз сезімнің символы. Олардың тағдыры туралы жыр қазақ әдебиетіндегі ең көрнекті туындылардың бірі саналады.
Ғалымдардың айтуынша, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының ондаған нұсқасы бар. Белгілі зерттеуші Сейіт Қасқабасов өз еңбегінде оның қазақ және орыс тілдерінде 33 нұсқасы кездесетінін жазады. Ал фольклор зерттеушісі Григорий Потанин бұл шығарманы «қазақ эпосының шоқтығы» деп бағалаған.
Жырдың басты ерекшелігі – оның бастапқы болмысын, дала өміріне тән табиғи өрнегін сақтап жетуінде. Басқа халықтардағы махаббат дастандарымен салыстырғанда, бұл шығарма қазақы дүниетаным мен тұрмысқа жақындығымен құнды.
Лиро-эпостық туындыда бір күнде туған, жастайынан атастырылған Қозы мен Баянның ер жеткен соң бір-бірін іздеп табуы, шынайы ғашық болуы және сол махаббат жолында құрбан болуы баяндалады. Қозы – батыл әрі тәуекелшіл жігіт ретінде суреттелсе, Баян – сұлулығы мен ақыл-парасаты үйлескен, жанқиярлыққа бара алатын нәзік бейне.
Бұл жыр тек қазақ арасында ғана емес, түркі халықтарының бірқатарына да кең тараған. Ал ХІХ ғасырдың өзінде бірнеше рет басылып, ғылыми ортада да қызығушылық тудырған. Тіпті Александр Пушкиннің өзі Оралға сапары кезінде жырдың қысқаша мазмұнын жаздырып алғаны айтылады.
Қазіргі таңда 15 сәуір – халықаралық Валентин күніне балама ретінде ғана емес, ұлттық мазмұны терең мереке ретінде қабылданып келеді. Қозы мен Баянның адал сезімі мен кіршіксіз махаббаты бұл күннің рухани мәнін арттыра түсті.
Сондықтан ұлттық ғашықтар күні – тек қос ғашықты еске алу емес, қазақы танымдағы адалдық, мейірім мен шынайы сезімдерді дәріптейтін ерекше дата.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қызылшамен ауырғандар саны 40-қа жуықтады

