Әр аудан орталығында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатын болады – Айдарбек Сапаров

Облыстың әр аудан орталығында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатын болады. Бұл жайында бүгін өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров аймақ жастарымен кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Соңғы уақытта елімізде жастарға ерекше назар аударылып, көрсетілетін қолдау күшейтіліп келеді. Бұл ретте солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Өңірде олар үшін жаңа мамандықтар ашылып, жатақханалардың құрылысы жүргізіліп жатқанын білеміз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа тұрған жастарға көтермеақы төленуде. Бүгінге дейін 430 маманға 140 млн теңгеден астам қаражат берілді.

«Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін биыл 650 млн теңгеге 130 адамға шағын несие беру көзделген. Қазір өтініштер қабылдануда. Кейбірі мақұлданып, кредит рәсімделді. Жастар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқыту курстарынан өтіп, кәсіптің қыр-сырын меңгере алады. Осы күнге дейін 607 жерлесіміз мұндай мүмкіндікті пайдаланды», – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров бүгінгі жастармен өткен кездесуінде.

Жалындаған теріскейлік жастардың спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Оған жерлестеріміздің осы салада қол жеткізген жетістіктері дәлел. Алдағы уақытта нәтиже бұдан да жақсы болады деген үміт бар. Өйткені, қолдау шаралары күшейтіліп, салаға көп көңіл бөлінбек.

«Әр аудан орталығында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Үстіміздегі жылы өңірде тағы 36 шағын футбол алаңы мен спорт алаңдары пайда болады. Жастардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырып, салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатарын толықтыру үшін қажетті жағдай жасаймыз», – деді аймақ басшысы.

Тағы оқыңыз: Тауар ақысын мобильді аударымдар арқылы төлеуге тыйым салынды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x