Тайынша ауданында ауыл спортының мерекесі – «Ақ бидай» жазғы спартакиасы басталды. Бұл тек спорттық жарыс қана емес, ауыл жастарының дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтын насихаттайтын, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған үлкен қадам, деп жазады Qazaqstan Media хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысында дәстүрге айналған бұл спартакиада биыл Тайынша ауданында өтуде. Олар эстафетаны Есіл ауданынан қабылдаған болатын. Мұнда спорттың 51 түрінен сайыстар өтуде. Оның ішінде 16-сы – олимпиадалық, 12-сі – олимпиадалық емес, 9-ы – ұлттық, ал 14-і – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері. Ауданда жалпы саны 185 спорт нысаны бар. Олардың қатарында екі денешынықтыру-сауықтыру кешені, стадион, атыс тирі, 26 хоккей корты, 48 спорт залы, жеті кіріктірілген спорт залы және 100 ашық алаң бар.

«Тайынша жері өз чемпиондарымен мақтана алады. Гир спорты бойынша Қазақстан чемпионы Валентин Федоровский, президенттік көпсайыстан бірнеше мәрте облыс чемпионы атанған Артур Сапаев, биатлоннан Азия чемпионатының қола жүлдегері Виктор Бровко, қысқы полиатлон шебері Александр Торчик, нысана көздеуден облыс чемпионы Татьяна Хасенова – біздің мақтаныштарымыз», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жарыстың ашылу салтанатында.
Оның айтуынша, өңірде бұқаралық спортты дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде ауылдық жерлерге баса назар аударылған. Мәселен, биыл Аққайың ауданының Дайындық ауылында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Есіл ауданының Петровка ауылында жабық хоккей корты іске қосылған. Ал, ЕМС Agro компаниясы Тайынша ауданында спорткешенінің құрылысына 374 млн теңге жұмсады.
«Солтүстік Қазақстан – спорт дәстүрі берік өңір. Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген жерлестеріміз аз емес. «Ақ бидай» – жай ғана жарыс емес, ол – жаңа есімдерді ашатын, тәжірибе алмасатын, ауыл жастарын қанаттандыратын алаң. Бұл ойындар жастарды жеңіске жетуге, ерік-жігерді шыңдауға баулиды. Спорт – денсаулықтың, сұлулықтың, мінездің айнасы. Жарыс кезіндегі сезім мен әсер ешнәрсемен салыстыруға келмейді», – деді облыс басшысы.
Аймақ басшысы барлық қатысушыларға сәттілік, жоғары нәтиже және адал күрес тіледі. Жеңіс үшін өз күшін Тимирязев ауданының спортшылары да сынамақ.
«Тимирязев ауданы атынан облыстық «Ақ бидай – 2025» ойындарының волейбол финалына шыққанымызды зор мақтанышпен айтқым келеді. Қиын қарсыластар, шиеленісті матчтар артта қалды. Біз команда ретінде бірлігімізді, табандылығымызды көрсеттік. Алда – шешуші ойын. Жеңіске сенеміз. Тайыншадағы ұйымдастыру жұмысы өте жоғары деңгейде. Барлық жағдай жасалған», – деді Тимирязев ауданының өкілі Олеся Будкевич.
Ол жанкүйерлерге алғыс білдіріп, өз командасына сәттілік тіледі.
Биыл Тайынша ауданынан жарысқа 112 спортшы қатысуда. Олар жыл сайын баскетбол мен нысана көздеуден жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

«Стадионды жөндеуге 290 миллион теңге бөлінді. Жаңа жасанды жабынды төселіп, жүгіру жолына тартан жабыны салынды. Волейбол және баскетбол алаңдары жаңғыртылды. «Ақ бидай» аясында инфрақұрылым жаңартылып, спорт жабдықтары сатып алынды. Биыл бізге спортшыларды тасымалдауға арналған жаңа «ГАЗель» берілді. Бұл ойындар – өз жетістіктерімізді көрсетуге берілген мүмкіндік. Бүгінде аудан тұрғындарының 43 пайызы спортпен айналысады», – деді Тайынша ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбаршын Бәтенова.
Салтанатты ашылу рәсімі ерекше атмосферада өтті. Стадионға отбасыларымен келген тайыншалықтар өз спортшыларын қолдауға асықты. Мерекелік көңіл-күйге «Бәйтерек», «MАНГО» топтары және әнші JazzDauren серпін беріп, шараның соңы жарқын отшашуға ұласты.
«Ұйымдастыру жұмыстарына өте риза болдым. Ұлым еркін күреспен айналысады. Біздің балуандарға жанкүйермін. Ең бастысы – ойындар осы көңіл-күймен әрі қарай жалғасса екен деймін. Өз командамызға жеңіс тілеймін. Осындай ауқымды мерекенің Тайыншада өтіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын», – деді аудан тұрғыны Элмира Сүйіндікова.
Облыстың барлық 13 ауданы қамтылған бұл ауыл спартакиадасына мыңға жуық спортшы қатысуда. Олар футбол, волейбол, баскетбол, теннис, күрес, велоспорт және тағы басқа 12 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Айта кетейік, биылғы бағдарламада бокс қарастырылмаған.
«Ақ бидай – 2025» қорытындысы 12 шілдеде белгілі болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жүргізушілердің кесірінен 15 адам қаза тапқан