Жамбыл ауданына қарасты Пресноредуть ауылында жаңа мәдени-демалыс орталығының салтанатты ашылуы өтті. Ескі сауда үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бюджеттен 291 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Құрылыс жұмыстарын «Стройдизайн» ЖШС мердігер компаниясы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтады. Сонымен қатар, округтегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да үлес қосты — олар жобалық-сметалық құжаттама жасауға бес млн теңге шамасында қаражат бөлген.

Жамбыл ауданында жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды
Жамбыл ауданында жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды

«Бұл мәдени-демалыс орталығы ауыл жастары үшін демалып, шығармашылықпен айналысатын сүйікті орынға айналады деп сенемін. Бұл – халыққа қызмет етіп, ауыл өміріне оң өзгеріс әкелетін игі бастама», – деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов.

Жаңа орталықтың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. Ғимараттың кең болуының арқасында ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қажетті бірнеше мекеме бір жерде орналасқан. Мұнда тек мәдени шаралар емес, спортпен шұғылдануға да мүмкіндік бар — залдарда тренажерлар мен үстел теннисі құралдары қойылған.

Тұрғындардың өтініші бойынша ғимарат ішінде ауылдық округ әкімі аппараты, полиция пункті, медициналық кабинет,пошта бөлімі орналасқан.  Сондай-ақ  шағын орталық  ашу да жоспарланып отыр.

Жамбыл ауданында жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды
Жамбыл ауданында жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды

 «Осындай әдемі әрі ыңғайлы орталықтың ашылғанына қатты қуаныштымын. Өнерге қатысып, концерттерде өзім де өнер көрсеткім келеді. Енді үлкендер үшін де бір жерден дәрігерге барып, хат-хабар алып кетуге жағдай жасалды»,- деп өз ойымен ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Татьяна Грязнова бөліссе, «жастар спортзалға, үйірмелер мен секцияларға қуана баратын болады», – дейді  Артем Кетцкало.

Салтанатты күнде сыйлықтар да табысталды. Аудан әкімі орталыққа музыкалық аппаратура сыйласа, жергілікті депутаттар теледидар тарту етті.

Енді аудандағы мәдениет нысандарының саны – 16-ға жетті.

Тағы оқыңыз: Петропавлда зейнеткер моншада қайнаған суға күйіп қалған

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *