Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбыры инфрақұрылымын дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаражат елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтерден құрылған арнаулы мемлекеттік қордан бөлініп отыр. Бұл туралы Үкіметтің ресми Telegram арнасында хабарланды, деп жазады Qazaqstan Media.
Ақпаратқа сәйкес, аталған қаражат өңірдегі сумен жабдықтау жүйесін жетілдіруге бағытталған 48 жобаны іске асыруға жұмсалады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңғырту, сондай-ақ Айыртау мен Шал ақын аудандарындағы ауылдарды Көкшетау топтық су құбырына қосу жобалары бар.
Жобалар толық аяқталған соң, облыстың ауыл тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Айта кетейік, еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары дәл осы өңірде орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Бүгінде бұл жүйе арқылы 175 мыңнан астам тұрғыны бар 229 ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Облыс орталығы Петропавлда сумен жабдықтау көрсеткіші 100%-ды құраса, ауылдық елді мекендерде бұл көрсеткіш 97,5%-ға жеткен.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық жеткіншектер асфальт үстіне арманындағы қалаларын салды