Көкшетауда «Даладай дархан, дарабоз Сәбең» атты жылжымалы көрме жұмыс істеп тұр. Бір апта бойы ақмолалықтар Сәбит Мұқановтың өмірімен танысып, көзі тірісінде қолданған жеке заттарын тамашалай алады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда әкесі Мұқаннан, ал сегізге аяқ басқанда анасынан айырылады. Сөйтіп жастайынан жетім қалған бала Сәбит ағасы Мұстафаның қолында өседі. Жетімдіктің азабын тартқан Сәбит еңбекке ерте араласып, оқи да алмады. Алайда білімге құштар бала өз бетінше оқуға ұмтылып, ауыл молдасынан хат таниды. Ал есейе келе Абайдың өлеңдерімен танысып, сол сияқты ақын болуды армандайды. Және арманына жетеді де. Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1917 жылдан жариялана бастады.

1928 жылы «Сұлушаш» дастаны, 1931 жылы «Адасқандар» романы және тағы басқа туындылары жарық көрді.

Сәбит Мұқанов 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер және тағы басқа кітаптар жазып қалдырды.

Ал биыл қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында орналасқан Сәбит Мұқановтың музей қорынан жинақталған жылжымалы көрме Көкшетау қаласына аттанды.

«20 ақпан Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде Сәбит Мұқанов әдеби-мемориалдық музей үйінің қорынан жинақталған «Даладай дархан, дарабоз Сәбең» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті. Жылжымалы көрмеге Сәбеңнің көзі тірісінде қолданған заттары, қолының табы қалған жазу машинкасы мен қолжазбалары, киімдері, барлығы 30 жуық жәдігер қойылды», — дейді  Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музейінің меңгерушісі Әлия Сәрсекова.

Көкшетауда Сәбит Мұқановтың жеке заттары қойылған жылжымалы көрме ашылды

Жылжымалы көрменің Мәлік Ғабдуллин атындағы музейде ашылуы кездейсоқтық емес. Себебі, екеуінің арасындағы рухани байланыс 1930 жылдан басталған. Олар ұстаз бен шәкірт, аға мен інінің терең рухани жақындығының жарқын үлгісін көрсете білді.

«Жылжымалы көрменің жұмысымен танысуға Ақмола облысы мәдениет басқармасының мәдениет ұйымдарының жұмысын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дина Бейсембаева, тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау Университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов келді. Жалпы, Сәбең туған қасиетті топырақта оның мол мұрасын сақтап, өскелең ұрпаққа таныстырып отырған музейдің Көкшетаудың төріне келіп, насихатталуы үлкен жетістік деп білеміз», — деді өз сөзінде Әлия Сәрсекова.

Іс-шара барысында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Өмірзақ Шешхан өнер көрсетіп, Үкілі Ыбырайдың «Желдірме» әнін шырқады.

Айта кетейік, «Даладай дархан, дарабоз Сәбең» жылжымалы көрмесі бір апта бойы жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Кәсіби бағдар беру: Петропавлда мектеп түлектерімен кездесу өткізілді

                                                                                           

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *