Есіл ауданының Петровка ауылында хоккей корты пайдалануға берілді. Оның құрылысына 332 млн теңге қаржы бөлінген, деп жазады Qazaqstan Media.
Спорт нысанының ашылуы салтанатты түрде өтті. Ауыл спортшыларын Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Менің ойымша, осы корттағы жаттығулардың арқасында жаңа спорт жұлдыздары пайда болып, біздің облысымызды әлемге танытады. Елде спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Біздің өңіріміз – қысқы спорт түрлері бойынша спортшыларды тәрбиелейтін орталық», — деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірде барлығы 18 жабық хоккей алаңы жұмыс істейді. Оның үшеуі 2024 жылы салынды. Олар Шал ақын ауданы Сергеевка қаласында, Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында және Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада орналасқан. Өткен жылы барлығы 37 спорттық нысан ашылды.
Петровка ауылындағы жаңа корттың ашылуына тек жастар ғана емес, сондай-ақ аға буын өкілдері де қуанды. Спорт ардагері, танымал суретші Вячеслав Смирнов Петровка үшін бұл оқиғаның маңызы зор дейді.
«Тамаша ғимарат. Киім ауыстыратын бөлмелері жылы. Менің ойымша, бұл ауылдағы спорттың дамуына серпін береді. Мен балалар мен жасөспірімдер спортқа қызығушылық танытады деген сенімдемін. 30 жыл бұрын Петровкада өте мықты хоккей командасы болған. Енді оны қайта жаңғыртуға ештеңе кедергі болмайды», — дейді Вячеслав Смирнов.
Ол хоккей бойынша спорт шеберіне кандидат. Жасы 75-ке келсе де, әлі күнге дейін коньки теуіп, мұзда сырғанағанды ұнатады. Ол команданың намысын қорғап, достық кездесуінде мұзға шықты.
Петровкадағы хоккей алаңы өңірдегі 19-шы жабық алаң. Оған облыстық бюджеттен 332 миллион теңге бөлінді.
Қазір Қызылжар ауданы Бескөл ауылында тағы бір жабық хоккей алаңы салынып жатыр.
Тағы оқыңыз: 1 ақпан — «Ақ орамал» күні