Биыл Петропавлда Крещение мерекесінде Есіл өзенінде суға түсуге болмайды. Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Православтықтар 19 қаңтар күні діни мереке – «Крещение Господне» рәсімін тойлайды. Әдетте, бұл күні Петропавлда Есіл өзенінің суы аластатылып, христиан сенімдегілер суға шомылатын. Ал биыл мамандар оған тыйым салып отыр. Өйткені, Есіл өзенінің мұзы тым жұқа. Сондықтан петропавлдықтар Прибрежное ауылында орналасқан «Черное» көлінде суға шомыла алады.
«Биыл ауа райы жылы болып тұр. Сондықтан Есіл өзенінің мұзы әлі дұрыс қатпаған. Мұздың қалыңдығы кей жерлерде 15-17 см құрайды. Бұл тым жұқа болып саналады. Сондықтан «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес мұздың осындай қалыңдығы кезінде қауіпті учаскелерде жиналуға тыйым салынады. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл Крещение мерекесі Қызылжар ауданы Прибрежное ауылындағы Черное көлінде ұйымдастырылмақ. Тұрғындар сағат 8:30-дан 17:00-ге суға шомыла алады», — деді қала әкімінің орынбасары Қалия Төренова.
Ал қасиетті суды алу үшін қаладағы бес ғибадатханада арнайы орындар жабдықталады.
«Қала тұрғындары суды Ж. Қизатов көшесі, 55; Коминтерн көшесі, 97; Алтынсарин көшесі, 203; Сәтпаев көшесі, 13; 2-Илья Залманов көшесі, 67А мекенжайында орналасқан ғибадатханаларда ала алады. Олар таңғы сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал Алтынсарин мен Сәтбаев көшелерінде ұйымдастырылған діни орындарда суға түскісі келетіндер үшін арнайы орындар жабдықталады. Айта кетейік, барлық орындарда суды аластату рәсімі сағат 8:30-да басталады. Сондықтан таңғы 6-дан барып, кезек күтудің керегі жоқ. Қала тұрғындарын мұндай өзгерістерге түсіністікпен қарауға шақырамын. Өйткені, ең алдымен, бұл сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жасалып отыр», — дейді Петропавл-Булаев епархиясының хатшысы Сергий Первушин.
Жалпы, СҚО-да суға шомылуға арналған 40 орын белгіленген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артқан