Петропавлда лудомания жайлы сериалдың көрсетілімі болды. «Тұзақ» деп аталатын туынды қазіргі кезде қоғам арасында өзекті болып отырған проблеманы көтереді. Мұндағы барлық жағдайлар өмірден алынып, көркем туындығына ыңғайластырып түсірілген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ойынқұмарлық немесе лудомания. Бұл қазіргі қоғам дерті болып отыр. Онымен күресуді мемлекет заң аясында жүргізіп келгенімен бәс тігіп, барынан айырылап жатқандар жетерлік. Психолог мамандар оны құмар ойынға паталогиялық тәуелділік деп жатады. Қаладағы ойын клубтары мен букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігіп, автоматтарға ақша салатын жастардың қатары көп. Бірақ, лудомания бай-кедей, жас бала немесе егде адам деп бөлмейді. Жеңіл ақша табу, тез байып кетуді көздейтіндер көп.
«Бізде үлкен қордаланып қалған мәселе. Ойын құмарлықты көбі қозғай бермейді. Ойынқұмар адамның түрінде, жүрісінде, сөйлеген сөзінде лудоман екені білінбейді. Сондықтан жүзі көрінбегендіктен , ешкім мән бермейді. Ойынға ақша салу үшін адамдар ұрлық, адам өлтіруге дейін барады. Сценарийді жазған кезде біз осыны көрсетуге трыстық. Команда болып жаздық. Шын болған оқиғаларды іздеп, өңдеп шығардық», — дейді сценарий авторы Еркебұлан Әлімжанов.
«Тұзақ» сериалы 10 бөлімнен тұрады. Петропавлдағы көрсетілімде оның алғашқы сериясы көрсетілді. Осыған дейін ол Астана телеарнасында көрсетілген.
«Сериалға дайындықты бір жыл бұрын бастаған едік. Оқиғаларды іздеп,оны өңідеп, жан-жақты іздендік. Осы сериалға атақты актерлар түсті. Олардың біразы лудомания туралы жақсы біледі. Кейбірінің туыстары, жақындары лудоман болған, кейбірі өздері бәс тігіп көргендер. Сондықтан, проблеманы көтеру олар үшін қиын болған жоқ», — дейді сериал режиссері Михаил Авдеев.