Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Шараға қатысқан тұрғындардың бірі шаһар жетекшісінен қоқыс жәшіктерін жаңалауды, саяжайлар жолдарын ретке келтіруді және ауланы жаңғырту жұмыстарының толық аяқталуына септесуін сұрады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Серік Мұхамедиевтің халық алдындағы есептік кездесуіне келген Василий Ротарь, алдымен К. Сүтішев көшесі 17-ші үйдің ауласындағы спорттық алаңды толықтай орнатып беруге көмек сұрады. Себебі, мұнда ескі жаттығу құралдары алынғанымен жаңалары әлі орнатылмаған. Әрі футбол, волейбол және баскетбол алаңының жабындысы да жабылмапты. Қала әкімі мұндай жауапсыз мердігерлер туралы білетіндігін айтты.
«Істі аяқсыз қалдырған мердігер компанияға қатысты жаза қолданамыз. Қазір ауа райына байланысты жұмыстарды жүргізу мүмкін емес. Жаттығу құралдарын келесі жылы орнатып береміз», — деді Серік Мұхамедиев.
Зейнеткер көтерген тағы бір мәселе — қоқыс жәшіктеріне қатысты болды. Оның сөзінше, Жуков көшесі бойындағы 23-ші үйдің ауласындағы алты қоқыс жәшігінің үшеуі ғана іске жарамды.
«Мен үш ай бойы коммуналдық қызметтерге хабарласып, жағдайды айтып келемін. Бірақ, жағдай өзгермей отыр. Кейбір қоқыс жәшіктері төңкеріліп жатыр, кейбірі жарамсыз қалған. Осы проблемаға назар аударсаңыз», — деді зейнетер қала әкіміне.
Петропавлдағы қоқыс шығару мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп келеді. Сондықтан қала басшылығы биыл қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және қайта өңдеу бойынша жаңа концепция жасап, сол бойынша жұмыс істемек. Ал жауапсыз жұмыс істейтін компаниялармен әңгіме қысқа болмақ.
Василий Ротарьдың тағы бір өтініші саяжайларға баратын жолдардың жағдайын ретке келтіру болды. Серік Мұхамедиев ол да келер жылдың еншісінде дейді. Алдымен қала ішіндегі жолдар жөнделеді. Бірақ, саяжайлараға апаратын жолдарға қиыршық тас төсеу жоспарда бар.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық Бірлік ауданынан берілген үйден бас тартып отыр