Көктемде баспанасын су басқан қала тұрғыны әлі күнге дейін туысқандарының үйін паналап жүр. Себебі, оған әлі күнге дейін баспана берілмеген. Ол тіпті, 100 АЕК көлеміндегі өтемақыны да алмаған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қала әкімінің есеп беру кездесуіне келгендердің бірі – Оксана Лябухина. Биыл көктемде оның үйін су басып, баспанасы тұруға жарамыз болып қалған. Содан бері міне сегіз ай өтсе де, ол әлі күнге дейін пәтер жалдап тұрып жатыр. Ал анасы туысқандарының үйін паналауда.
«Хромзауыт ауданында анамен бірге тұрғанбыз. Баспана сол кісінің атында. Оның жасы – 74-те. Қазір ол ауылда туысқандарымыздың үйінде тұрып жатыр. Баспанамызды сүріп тастады. Бірақ бізге әлі үй берілген жоқ. Басында құжаттарымыз дұрыс болмаған. Оны ретке келтірдік. Енді жердің құжаттарымен мәселе туындап отыр. Бағдарлама жұмыс істемей жатыр. Соның кесірінен үй ала алмай отырмыз», — дейді қала тұрғыны.
Бағдарламаның дұрыс жұмыс істемей тұрғандығынан қала әкімі хабардар. Дегенмен қазір мұндағылар проблеманы шешудің өзге де жолдарын қарастырып жатыр.
«Бағдарлама мүмкін Жаңа жылдан кейін ғана жұмыс істейтін шығар. Сондықтан мәселе шешілгенше сіздерге уақытша баспана беру жағын қарастырамыз», — деді Серік Мұхамедиев.
Кейін орынбасары Қалия Төреноваға мәселені бақылауға алып, Жаңа жылға дейін баспанамен қамту қажеттігін ескертті. Қала тұрғыны шаһар басшысына өтемақы алу мәселесі бойынша да базынасын жеткізді. Құжаттары дұрыс болмағандықтан оларға әлі күнге дейін 100 АЕК көлеміндегі көмек берілмеген. Серік Мұхамедиев қарамағындағыларға бұл мәселені де шешуді тапсырды.
Тағы оқыңыз: Істі аяқсыз қалдырған мердігерлер жазаланады — Петропавл қаласының әкімі