Петропавлдағы көпбейінді балалар ауруханасына пышақ жарақатын алған үш жасар бала түсті. Пышақ оның сол көзіне кіріп кеткен, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қайғылы оқиға желтоқсанның 19-ы түс уақытында болған. Анасының сөзінше, ас үйде жүрген баласы орындықтан құлап, оның көзіне пышақ кіріп кеткен.
«2021 жылы туған бала ауыр жағдайда облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Оны бірден реаниматолог дәрігер қарап, сәби жансақтау бөліміне жатқызылды. Бірден консилиум жинап, нейрохирург пен офтальмолог шақыртылды. Көз дәрігері жараны қарап, көз жанарын қалыпқа келтіруге болатындығын айтты. Ашық бас-ми жарақатын алып, ауыр жағдайда жатқан балаға КТ жасалды. Қазір қажетті ем-дом шаралары көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.
Дәрігерлер республикалық орталық мамандарымен де кеңескен. Алдағы уақытта оған тағы КТ жасалады. Егер қан көлемінің ұлғаюы және ми окклюзиясының дамуы байқалса, онда баланың бас миына ота жасалады.
Қазір аталған фактіге қатысты полиция қызметкерлері тексеріс жүргізіп жатыр.
«Аталған факті Петропавл қалалық полиция басқармасының ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, бала абайсызда жарақат алған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін және процестік шешім қабылдау үшін тексеру жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Елімізде есірткі таратып сотталғандар үшін заң жеңілдейді