Тайынша ауданындағы Қарағаш ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңартылған өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл – еліміздегі осындай үлгідегі 332-ші ерікті өртке қарсы құралым, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа бекет төрт ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Өрт сөндіру бекеті Қарағаш, Калиновка, Константиновка және Тапшыл ауылдарын қамтиды. Қорғау аймағында 363 үй бар. Мұнда 1 165 адам тұрады. Бұған дейін тұрғындар көмекті аудан орталығынан күтетін. Жаңа бекеттің ашылуы төтенше жағдайларды жедел ауыздықтауға жол ашады.
Өрт сөндіру бекеті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің аумағында орналасқве. Нысан материалдық-техникалық базасы да қажетті жабдықтармен толықтай жабдықталған. Оның иелігінде өрт сөндіруге арналған құрал-саймандармен және жабдықтармен қамтылған екі арнайы автоцистерна бар. Сонымен қатар жеті ерікті өрт сөндіруші арнайы даярлықтан өткен. Олар өрт оқиғасы тіркелген жағдайда кәсіби мамандар келгенге дейін алғашқы көмек көрсетіп, тілсіз жаудың таралуына жол бермеуге атсалысады.
«Жаңа бекетті ашу ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Әсіресе, шалғай елді мекендерде өрт сөндіру қызметінің қолжетімді болуы аса маңызды. Себебі төтенше жағдай кезінде уақыт жоғалтпай әрекет ету адам өмірі мен мүлікті сақтап қалуға мүмкіндік береді», — деп хабарлады СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда автобус қағып кеткен әйел жансақтау бөлімінде жатыр

