Петропавлда 26 қараша күні Интернационал көшесінде жол-көлік оқиғасы болды. 62 жастағы жүргізуші басқарған автобус жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 53 жастағы әйелді қағып кеткен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ауыр жарақат алған әйел ес-түссіз күйде көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады. Науқастың бірнеше жерінен жарақат алғаны анықталды.
«Әйелде бас-ми жарақатын алған, миы соғылған және самай сүйегі сынған. Сонымен қатар сол жақ бүйрегі мен көкбауыры жыртылып, ішкі қан кету басталған», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, науқастың қабырғалары мен сол жақ сирағының сүйектері бірнеше жерден сынған. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасауға мәжбүр болды. Хирургиялық араласу кезінде зақымданған бүйрек пен көкбауыр алынды.
Қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы әлі де ауыр. Өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер науқасқа қарқынды ем жүргізіп жатыр.
Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, әсіресе жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда барынша мұқият болуға шақырады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жетінші сыныпқа іріктеу басталды

