Солтүстіктің даласын сары алтынға толтырған жандар! Бүгін облыс орталығында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні аталып өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Биыл Солтүстік Қазақстан диқандары қамбаға бесмлн тоннаға жуық астық құйды. Бұл – бірнеше айға созылған науқанның қорытындысы, мыңдаған адамның маңдай тері. Жалпы, елдегі астықтың үштен біріне жуығы өндірілетін теріскей үшін аграрлық сала айрықша маңызға ие. Сондықтан ауыл шаруашылығында еңбек ететін жандардың кәсіби мерекесі де ерекше аталып өтеді.

Петропавлда бас қосқан сала өкілдерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Жиын барысында жыл бойы еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.

СҚО-да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні аталып өтті
СҚО-да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні аталып өтті

«Жердің бабын тауып, мол өнім өсіру, оны өңдеп, тұтынушыға жеткізу – бір-бірімен сабақтас зор еңбек. Осы тізбектің әр буынында жүрген мамандардың еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігіне негіз болады. Ал ауыл шаруашылығының дамуы – ауыл тіршілігінің жандануына да жол ашады», — деді СҚО әкімі.

Мерекеде 70-тен астам азаматтың еңбегі жоғары бағаланды. Солардың бірі- Ғалымжан Ахмеджанов. Ол «Иван Зенченко» серіктестігінде 20 жылдан астам уақыттан бері дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Егіс науқаны басталмай тұрып техниканы әзірлеп, жұмыс барысында ақау шықса, қалпына келтіреді. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтағы үздіксіз жұмыстың бір ұшы осы маманның жауапкершілігінде. Бүгін оның еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

СҚО-да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні аталып өтті
СҚО-да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні аталып өтті

«Жұмыста бізге бар жағдай жасалған. Жалақымызды уақытылы төлейді. Ауылда мал өсіремін. Серіктестіктен тегін жемшөп аламыз. Мұндай марапатқа ие боламын деп ойламадым. Алғысым шексіз!», — деді марапат иесі.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерт ұсынылды. Бүгінде облыста 3800-ге жуық серіктестік егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл мемлекет тарапынан агроқұрылымдарға 220 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие бөлінген. Соның нәтижесінде өңірдің өндірістік әлеуеті артып келеді. Солтүстік Қазақстан сүт өндіруден республикада көш бастап тұр. Ал ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 900 млрд теңгеге жеткен. Қомақты көрсеткіштердің артында осындай мыңдаған еңбек адамының күнделікті жұмысы тұр.

Тағы оқыңыз: Петропавлдың ауасын ең көп ластайтын кәсіпорын аталды

Поделиться:

Shares