Жеке сектордағы ойдым-ойдым жолдар, жарықтандырылмаған көшелер, жаңбырдан кейін су басатын аулалар, коммуналдық желілердегі апаттар мен ретсіз қоқыс үйінділері. Әсем Рахметова Петропавл тұрғындарын толғандыратын ең өзекті мәселелердің қатарында осы түйткілдерді атайды. «ӘДІЛЕТ» партиясынан №18 бірмандатты сайлау округі бойынша қалалық мәслихат депутаттығына кандидат 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Журналистикадан саясатқа дейін

Әсем Рахметова 1980 жылы 19 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында дүниеге келген. 2003 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын журналистика саласында бастаған. 2001 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясында, кейін «Қазақстан» телеарнасында жұмыс істеген. Сондай-ақ «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингінде бас редактор қызметін атқарған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. 2011–2019 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасында басшылық лауазымдарда еңбек еткен. Одан кейін партиялық құрылымдарда қызмет атқарып, 2023 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған.

«Мемлекеттік қызмет, бұқаралық ақпарат құралдары және парламент салаларындағы көпжылдық тәжірибе маған ең басты нәрсені үйретті. Ол – халықты тыңдай білу, мәселелердің мәнін түсіну және нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізу», – дейді кандидат Әсем Рахметова.

Сенатта көтерілген өңір мәселелері

Сенаттағы қызметі барысында Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды бірқатар мәселені көтерді. Әсіресе ауылдық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және өңір тұрғындарының мүддесін қорғау бағыттарына басымдық берді. Үкіметтің назарын бірнеше рет аударған мәселелердің бірі – Преснов және Соколов топтық су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарының ұзаққа созылуы.

Сенатор жобаларды аяқтау үшін қосымша қаржы бөлуді талап етті. Нәтижесінде 2026 жылғы тамызда бұл мақсатқа Арнаулы мемлекеттік қордан 2,7 млрд теңге бөлінді. Қаражат су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға бағытталды. Бұл ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ауқымды су тасқыны кезінде Әсем Рахметова зардап шеккен отбасыларға келтірілген шығынды өтеу тетігін жетілдіру мәселесін көтерді. Сондай-ақ интернет-алаяқтықпен күрес жөнінде депутаттық сауалдар жолдап, халықты әлеуметтік қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту, демография, жастар кәсіпкерлігі мен бұқаралық спорт мәселелерін талқылауға қатысты. Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарлары барысында тұрғындармен, педагогтермен, медицина қызметкерлерімен және еңбек ұжымдарының өкілдерімен кездесіп, жолдардың, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандардың жағдайына қатысты түйткілдерді көтерді. Олардың бірқатарының республикалық деңгейде қаралуына ықпал етті.

Әсем Рахметованың сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі – Петропавлдың жеке секторындағы жолдарды жөндеу. Кандидат жағдайы сын көтермейтін көшелерді жөндеу жұмыстарын бюджеттік қаржыландыру жоспарына енгізуге күш салмақ. Бұл ретте күрделі жөндеумен қатар жолдарға қиыршық тас төсеу, оларды тұрақты түрде тегістеу және көлік инфрақұрылымын жақсарту мәселелері де қамтылған.

Сондай-ақ ол кәріз және су бұру жүйелерінің жай-күйін өзекті мәселелердің бірі деп санайды. Бағдарламада сайлау округіндегі проблемалы аумақтарды кешенді зерттеу, жауын-шашын суларын тиімді бұру, арықтар мен су ағатын арналарды тазарту көзделген. Тағы бір маңызды бағыт – коммуналдық желілерді жаңғырту. Әсем Рахметова тұрғындардың коммуналдық қызметтермен тұрақты қамтамасыз етілуіне және су құбырлары мен өзге де инженерлік желілердегі апаттардың дер кезінде жойылуына депутаттық бақылау жүргізуді жоспарлап отыр.

«Коммуналдық қызметтердің үздіксіз көрсетілуі, пәтерлердегі жылу, аулалардағы тазалық пен абаттандырылған саябақтар жай ғана қағаз жүзіндегі уәде болып қалмай, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек», – делінген кандидаттың сайлаушыларға жолдаған үндеуінде.

Сайлауалды бағдарламаның маңызды бөлігі экология мен абаттандыру мәселелеріне арналған. Әсем Рахметова жеке секторда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған заманауи контейнерлік алаңдар ұйымдастыру жөніндегі бастамаларды қолдамақ.

Бағдарламада халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де қамтылған. Кандидат депутаттық және басқарушылық тәжірибесін пайдалана отырып, көпбалалы отбасыларға, қарт азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылуына ықпал етуді көздейді.

Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау да назардан тыс қалмаған. Ол сайлау округіндегі аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде балалар және спорт алаңдарын салу, қолданыстағы алаңдарды жаңарту жөніндегі жобаларды ұсынуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Әсем Рахметованың бағдарламасында мемлекеттік тілді дамыту мен азаматтық бірлікті нығайту мәселелері қамтылған. Кандидат қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, оны кеңінен насихаттауға, мәдени бастамалар мен этносаралық келісімді қолдауға ниетті.

Депутаттық бақылау және тұрғындар алдындағы есеп

«Жинақталған мәселелердің барлығын бір күнде шешу мүмкін емес екенін түсінемін. Дегенмен сіздердің мүдделеріңізді жүйелі түрде қорғап, қолға алынған әр істі нақты нәтижеге жеткізуге дайынмын», – деп атап өтті Әсем Рахметова.

Депутат болып сайланған жағдайда ол бюджеттік басымдықтарды талқылауға қатысып, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды және атқарылған жұмыстар туралы тұрғындарға тұрақты түрде есеп беруді жоспарлап отыр. Кандидаттың пікірінше, депутаттық қызметтің басты нәтижесі – тұрғындар өз аулаларында, көшелерінде және қоғамдық орындарда көзбен көріп, сезіне алатын нақты өзгерістер болуы тиіс.

Дайындаған: «QazaqstanMedia» ЖШС, Петропавл қаласы, Брусиловский көшесі, 63/13.

Тапсырыс беруші: депутаттыққа кандидат Ә. Қ. Рахметова.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.

 

 

Поделиться:

Shares