Петропавлдағы су басу қаупі бар Заречный кентінен балық тәлімбағын қауіпсіз аумаққа көшіру мәселесі екі жылдан астам уақыттан бері созылып келеді. Осы уақыт ішінде жауапты органдар жаңа нысанға жер телімін бөліп, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, сараптамадан да өткізген. Алайда құрылыс жұмыстарының нақты қашан басталатыны әлі белгісіз. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
2025 жылдың ақпанында редакцияның ресми сауалына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері балық питомнигін ауқымды жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Ол кезде әкімшілік ғимаратты жөндеу, тоғандарды қалпына келтіру, электр желілерін жаңарту және сорғы станцияларын жаңғырту көзделген болатын.
«Тоған шаруашылығы, бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар айтарлықтай зақымданды. Өндірістік қызметтің тұрақтылығын қалпына келтіру мақсатында балық питомнигін су басу қаупі жоқ аумақта жаңадан салу туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады редакцияның сауалына берген жауабында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Жаңа нысанның орны да анықталған. Петропавл қаласының әкімдігі қала маңынан жер телімін бөлген. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алған. Құрылыстың бірінші кезеңін 2027–2028 жылдары бастау жоспарланып отыр. Қалған жұмыстар екінші кезеңде жүзеге асырылмақ. Дегенмен нысанның жалпы құны мен бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі әзірге жарияланған жоқ.
Жаңа өндірістік база іске қосылғанша, балық тәлімбағы келісімшарт негізінде жалға алынған өзге су айдындарында жұмысын жалғастыруға мәжбүр. Соған қарамастан, министрлік мемлекеттік тапсырысты орындау жұмыстарына бұл жағдай кедергі келтірмегенін атап өтті.
«Биыл және өткен жылы Сергеев су қоймасына жіберу үшін тұқы балығының бір миллион шабағын өсіру жөніндегі мемлекеттік тапсырыс толық орындалды. Жаңа өндірістік база пайдалануға берілгенге дейін жұмыс қолжетімді өндірістік алаңдар мен бекітілген мемлекеттік тапсырысқа сәйкес ұйымдастырылады», – деп мәлімдеді вице-министр.
Жаңа аумақта кәсіпорынның негізгі жұмыс бағыты толығымен сақталады. Мұнда ақ балық тұқымдастарына жататын балықтардың уылдырығын инкубациялауға арналған қуаттар жасақталып, тұқы шабақтарын өсіру жұмыстары жалғасын табады.
Тағы оқыңыз: Келесі жылы 4300 отандасымыз қажылыққа бара алады

