9 қарашада Петропавл қаласының прокуратурасы есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс негізінде үлгілік сот процесін ұйымдастырды. Оған қаладағы 35 мектеп онлайн қосылып, 900-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысты.
Бұл жолы жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы жай ғана дәріс оқылған жоқ. Оларға заңсыз табыс табудың қандай ауыр жазаға әкелетінін нақты қылмыстық іс арқылы түсіндірді.
Сотта қаралған іс Петропавл қаласында психотроптық заттарды заңсыз таратқан азаматқа қатысты болды. Тергеу барысында оның есірткіні қала аумағындағы жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқаны анықталған. Мұндай тәсіл көпшілікке «закладка» деген атаумен белгілі.
Петропавл қалалық соты Н. есімді азаматты Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі және 297-бабының 3-бөлігінің 1, 3-тармақтары бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді. Сонымен қатар оған жазасын өтеу орнында мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.

Қала прокуратурасының мәліметінше, мұндай шаралардың басты мақсаты – жасөспірімдерді қылмысқа апаратын қауіпті қадамдардан сақтандыру.
«Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңсыз әрекеттердің салдарын түсінуге және өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті прокуратура өкілдері.
Есірткі тасымалдау, оны жасырын орындарға қалдыру немесе заңсыз таратуға қатысу – жай ғана ақша табудың жолы емес, ауыр қылмыс. Тіпті біреудің тапсырмасын орындау да қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Тағы оқыңыз: Төрт солтүстікқазақстандықтың есімі республикалық «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілді

