Қазақстандық мұсылмандар келесі жылы қажылық парызын өтеу үшін қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына бара алады. 2027 жылғы қажылық маусымына елімізге 4300 орын бөлінді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Қажылыққа бөлінген квота Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және умра министрлігімен жасалған келісім аясында бекітілді. Тиісті құжатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрі Тауфиқ бин Фаузан әр-Рабиа қол қойды. Келісім қажылық сапарын жүйелі ұйымдастыруға және қазақстандық азаматтардың қасиетті мекендерде сапалы қызмет алуына бағытталған.

Құжатта қажыларды орналастыру, тасымалдау және сапар барысында қажетті қызметтерді қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Сонымен қатар тараптар қажылық кезінде азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, медициналық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі міндеттерді айқындады. Бұл қажылық сапарының ұйымдастырушылық деңгейін арттырып, отандастарымыздың діни рәсімдерді қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда орындауына мүмкіндік береді.

«2027 жылғы қажылық маусымына Қазақстанға 4300 орын бөлінді. Қажылық сапарын ұйымдастыруға қатысты ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялайды», — деп хабарлады ҚМДБ.

Тағы оқыңыз: Ерекше балаларға қолдау көрсету — басты міндет

Поделиться:

Shares