Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұйымдармен өзара байланысты нығайтып, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты ақпараттандыру жұмыстарын жетілдіруде. Осы мақсатта Қордың ресми сайтында «Түсіндірме жүргізуге сұраныс» атты жаңа сервис іске қосылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Енді кәсіпорындар, мекемелер мен өзге де ұйымдар Қор мамандарын кездесуге шақырып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауап ала алады. Жаңа сервис ұйымдарға түсіндірме кездесулерін ұйымдастыру процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен мекеме өкілдері медициналық сақтандыру жүйесінің жұмыс тәртібі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты өзекті мәселелер және басқа да тақырыптар бойынша мамандардан кеңес сұрай алады.

Сонымен қатар, кездесуге дейін сұрақтарын алдын ала жолдап, қажетті ақпаратты нақтылауға мүмкіндік бар. Өтінім беру үшін msqory.kz сайтына кіріп, арнайы нысанды толтыру қажет. Онда өңір, ұйымның түрі мен атауы, байланыс деректері, сұрау салудың тақырыбы мен мазмұны көрсетіледі. Өтінім тіркелгеннен кейін пайдаланушының электрондық поштасына растау хаты жіберіледі.

«Сондай-ақ ұйым өкілдері сайт арқылы өтінімнің мәртебесін бақылап отыра алады. Ал кездесулерді Қордың өңірлік филиалдарының мамандары ұйымдастырып, өтінімде көрсетілген мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жаңа сервис ұйымдардың медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпарат алуын жеңілдетіп, өзекті сұрақтарды тікелей мамандармен талқылауға жол ашады», — деп хабарлады қор өкілдері.

Тағы оқыңыз: Тікелей эфирде боқтық сөз айтқан петропавлдық блогер бес тәулікке қамалды

Поделиться:

Shares