Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына қатысатын саяси партиялардың сайлау бюллетеніндегі орналасу реті бекітілді. Орталық сайлау комиссиясы жеребе тарту рәсімін өткізді, деп жазады Qazaqstan Media.
ОСК сайлау бюллетеньдерінің үлгісін де бекітті. Олар А5 форматында, сайлау деңгейіне қарай әртүрлі түспен дайындалады. Партиялық тізімдерге арналған бюллетеньдер көгілдір, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы бірмандатты округтер үшін жасыл, облыстық маңызы бар қалалық мәслихаттарға күлгін, аудандық мәслихаттарға қызғылт сары түсті болады.
Партиялардың бюллетеньдегі реттік нөмірлері жеребе арқылы анықталды. Оған жеті партия енгізілді: «Ауыл», ЖСДП, Қазақстанның Халық партиясы, Respublica, «Ақ жол», «Байтақ» және «Әділет».
Жеребе қорытындысы бойынша партиялар бюллетеньде мынадай ретпен орналасады:
- «Ауыл» партиясы
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия
- Қазақстанның Халық партиясы
- Respublica партиясы
- «Ақ жол» партиясы
- «Байтақ» партиясы
- «Әділет» партиясы
Сонымен қатар тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға дауыс беру күні 218 сайлау учаскесінде уақытша тіркелу мүмкіндігі беріледі. Ал 5 121 учаскеде сайлаушылардың тіркелген мекенжайын тексеретін электрондық сервис қолжетімді болады.
Тағы оқыңыз: «Ауыл құтқарушылары» өртті дер кезінде сөндірді

