Қазақстанда 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға 35,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына 36 миллиардқа жуық қаржы жұмсалады. Сайлау науқанына арналған бюджет Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен келісілген. Науқанның ауқымы Құрылтай сайлауымен бірдей.
Сайлау науқанын өткізуге қосымша үш мыңнан астам округтік комиссия жұмылдырылады. Олардың құрамында 15 110 адам жұмыс істейді. Бюджеттің негізгі бөлігі, яғни шамамен 70 пайызы учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысына жұмсалмақ.
«Екінші қарашадағы мәлімет бойынша, республика бойынша мәслихат депутаттығына 10 971 кандидат тіркелген. Сайлау 29 қарашада өтеді», — деп хабарлады Михаил Бортник.
Тағы оқыңыз: Кәсіпкерлер енді кредиттік және сақтандыру тарихын онлайн әрі тегін тексере алады

