Петропавлда педагогтер арасында «AI-Ustaz» облыстық олимпиадасы өтті. Байқауға жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде белсенді қолданатын 100-ден астам мұғалім қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жаңа технологияны меңгерген ұстаздар білімдерін үш номинация бойынша сынады. Сайыстың іріктеу кезеңіне 70-тен астам өтінім түсіп, оның нәтижесінде 50 педагог финалға жолдама алды. Ақтық сынға жолдама алғандар командалық және жеке хакатонға қатысып, жасанды интеллекттің көмегімен интерактивті сабақ әзірледі. Оларға тапсырманы орындауға 90 минут берілді. Кейін қатысушылар өз жобаларын сарапшылар алдында қорғады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «AI-Ustaz» жобасы әдістемелік орталықтың бастамасымен қолға алынған. Байқауға аудан орталықтары мен ауылдарда еңбек ететін мұғалімдер де қатысты.
Сайысқа қатысушылардың бірі – Шал ақын ауданының тарих пәні мұғалімі Амангелді Жиентаев. Ол бұған дейін жасанды интеллект бағыты бойынша республикалық байқауға қатысып, жүлделі орын алған.
«Жасанды интеллект сабаққа дайындалу, конспект әзірлеу секілді жұмыстарды жеңілдетіп, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бірақ, әр жұмыста заман игілігін пайдаланудың қажеті жоқ», — деді қатысушы.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/10-qazan-qazaqstan-kaesipodaqtary-kueni/

