Білім саласы – ел дамуының басым бағыты. Ал мұғалім – мемлекеттік білім беру саясатына ықпал етуші қоғамдағы басты күш. Петропавлда ұстаздар күніне орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, адами қасиеттерді дарытуда мұғалімдердің еңбегі ерекше.
Әр шәкірттің мінезін, қабілетін танып, білімге деген қызығушылығын ояту – ұстаздың күнделікті ізденісінің бір бөлігі.
Салтанатты шарада петропавлдық педагогтерді Ұстаздар күнімен шаһар басшысы Серік Мұхамедиев құттықтады.
«Барлығымыз ұстаздардан білім алдық. Сондықтан, адамның қалыптасуында бұл жандардың қосқан үлесі орасан зор. Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймын. Еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Әрқашан алдарыңыздан білімді де талантты шәкірттер шыға берсін», — деді қала әкімі.
Өз ісіне адал, көп жылдық еңбегімен танылған сала ардагерлері және тәжірибелі ұстаздар марапаттарға ие болды. Солардың бірі — С.Мұқанов атындағы №32 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Күнсұлу Мұстафина. Ол педагогикалық саласына 30 жыл ғұмырын арнады. Артынан екі ұлы да ұстаздық саланы таңдаған. Маман қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Шын мәнінде, есімімді естіген кезде кішкене толқып қалдым. Көп жылғы еңбегім бағаланып, бүгінгі құрметті марапатты алғаныма өте қуаныштымын. Әрине, ұстаздық жол оңай емес. Әр балаға жеке тәсіл керек. Бұл – зор жауапкершілік. Оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттыру үшін олармен жақын араласуға тырысамын. Түрлі ойындар мен тренингтер өткіземін. Әр баламен жеке сөйлесіп, оның жан дүниесін түсінуге, қызығушылықтарын білуге тырысамын», — деді марапат иесі.
Қала бойынша жалпы білім беретін мектептерде үш мыңнан астам ұстаз еңбек етеді.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/qyzylzhar-awdanynda-ustazdar-marapattaldy/

