Мағжан Жұмабаев ауданындағы «СК-Агро 2050» серіктестігіне кезекті рет Германиядан асыл тұқымды голштин-фриз сиырлары жеткізілді. Бұл жолы кәсіпорынға 165 бас ірі қара әкелінді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Серіктестіктің тауарлы-сүт фермасына бұл жолы да 165 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Сиырлар Германиядан тікелей жеткізілген. Енді құнажындар бір ай санитарлық аймақта болады. Ол жерде мамандар малды тексереді, жай-күйін бағалайды, сосын фермаға жібереді.
«Фермадағы сауынды сиырлардың саны 1400-ге жуықтайды. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 4200-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін біз Украинадан 256 бас, Германиядан 330 бас ірі қара әкелдік. Мал аман-есен қыстан шығып, төлдеді. Қазір тәулігіне 15 тонна сүт өндіреміз», — деді «СК Агро 2050» ЖШС тауарлы-сүт фермасының басқарушысы Владимир Сергеев.
Кәсіпкер әр сиырға мемлекеттен қосымша 700 мың теңге субсидия алады. Жоба құны – сегіз миллиард теңге. Қаржы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен берілді. Серіктестік мамандары Германияға арнайы барып, құнажындарды өздері таңдап алған.
«Сиырларды таңдаған кезде оның арқасының түзу және аяқтары ұзын болғанына ерекше мән бердім. Бұл дендерінің саулығын білдіреді. Логистика тұрғысынан ешқандай мәселе болмады. Германиядан Астанаға тікелей рейспен жеткіздік. Жақын арада тағы 165 бас әкелуді жоспарлап отырмыз», — деді Владимир Сергеев.

