Облыс әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы болып Сексенбаев Жанат Төлегенұлы тағайындалды. Ол осыған дейін  К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залының сақтаушысы қызметін атқарды, деп жазады Qazaqstan Media. 

Жаңа басшыны тағайындау облыс әкімінің өкімімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша жасалды.

Жанат Сексенбаев 44 жаста, Ақмола облысы Сандықтау ауданы Острогорка ауылының тумасы. Қазақ ұлттық музыка академиясын «Дирижер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ М. Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын Қазақ ұлттық музыка академиясында бастаған. Әр жылдары «Дегдар» гуманитарлық қорының бас координаторы, Астана ұлттық картиналар галереясы мен Бейбітшілік және келісім сарайында концерттік қызметтің басшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында арнайы жобаларды ұйымдастыру және концерт бөлімінің басшысы, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы бас директорының орынбасары болды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да әйел мас күйде көлік мінген күйеуін полицияға ұстап берді

Поделиться:

Shares