Солтүстік Қазақстан облысында «Қазсушар» кәсіпорнының «Есіл су» филиалы 2026 жылы 846,4 млн теңгеге инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Қаражат су құбырларын, энергетикалық жабдықтарды, сүзгілерді және кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті кәсіпорынның жаңғырту нысандарына пресс-тур ұйымдастырды. Оның барысында тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаға енгізілген қаражаттың қалай жұмсалып жатқаны көрсетілді.
«Есіл су» филиалы Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 272 ауылға, сондай-ақ Қостанай облысының екі ауданындағы 18 елді мекенге ауыз су жеткізеді. Магистральдық құбырлардың жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асады.
Инвестициялық бағдарламадағы ең ірі жобалардың бірі – Қызыл-Ағаш ауылы маңындағы апатты су құбыры учаскесін ауыстыру. Жалпы ұзындығы 10,7 шақырым болатын желінің 9,1 шақырымына жаңа полиэтилен құбыр төселді. Қазір жұмыс 91,4 пайызға орындалған. Бұл жобаға нақты 406,6 млн теңге жұмсалған. Жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар филиалда электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл бағытта 243,1 млн теңгеге шарттар жасалып, әзірге 93,1 млн теңге игерілген. Жұмыстарды қараша айында аяқтау көзделген.
Есіл өндірістік басқармасының су тазарту станциясындағы сүзгілер де күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Негізгі жұмыстардың 85 пайызы аяқталған. Үнемделген қаражат есебінен тағы бір сүзгіні жөндеу жоспарланған.
Бағдарлама аясында 34,7 млн теңгеге 14 сорғы агрегаты сатып алынды. Бұдан бөлек, 6,9 млн теңгеге 29 бірлік компьютерлік және ұйымдастыру техникасы алынған. Биылғы инвестициялық бағдарлама толығымен кәсіпорынның өз қаражаты, яғни амортизациялық аударымдар есебінен қаржыландырылып отыр.
Тағы оқыңыз: Тайынша аудандық ауруханасы 1,1 млрд теңгеге жаңғыртылды

