Наталья Тыщук мектеп бітіргеннен кейін еңбек жолын ауыл шаруашылығында бастап, содан бері бір шаруашылықта 34 жыл үздіксіз жұмыс істеп келеді. Соңғы 12 жылда ол «Агросевер» ЖШС-де мал шаруашылығы бригадирі қызметін атқарады. Төл алу, малды күтіп-баптау, азықтандыру, есеп жүргізу және ұжым жұмысын ұйымдастыру — оның күнделікті міндеті. Еңбек күні қарсаңында Qazaqstan Media саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған еңбек адамы туралы баяндайды.
Наталья Николаевна бала кезінен жануарларды жақсы көрген. Мектепті аяқтаған соң Қорған ауыл шаруашылығы академиясында білім алып, зооинженер мамандығын меңгерген. Алайда мамандығы бойынша бірден жұмыс істей қоймады. Алдымен шаруашылықта зертханашы, кейін таразышы болып еңбек етті. 2014 жылы шаруашылыққа ірі қара әкелініп, қазақтың ақбас сиыр тұқымы өсіріле бастаған кезде ол өз мамандығына оралды.
«Мал келген кезде өз мамандығым бойынша жұмысқа ауыстым. Бала кезімнен жануарларға жақын болдым. Мал шаруашылығы бригадирі болып еңбек етіп келе жатқаныма 12 жыл болды», — дейді Наталья Тыщук.
Бүгінде оның мойнында малдың жағдайын бақылаумен қатар, бүкіл бригаданың жұмысын ұйымдастыру жауапкершілігі бар. Оның айтуынша, мал шаруашылығында ұсақ-түйек мәселе болмайды. Әр жұмыстың өз уақыты бар, ал кей жағдайда санаулы минуттың өзі маңызды.

«Адамдармен де, малмен де жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек. Уақытында әрі сапалы төл алуымыз қажет. Бұзаулайтын уақытты өткізіп алмау керек. Малдың азықтану тәртібіне, күтіміне жауап беремін. Сонымен қатар төл мен мал басының есебін жүргіземін», — дейді бригадир.
Мал шаруашылығында жұмыс күні кешкі сағатпен аяқталмайды. Егер сиыр бұзаулай бастаса, күндіз бе, түн бе — оған қарауға мүмкіндік жоқ.
«Төл тек күндіз тумайды. Кейде бұзауды түнде де қабылдаймыз. Сондықтан әрдайым дер кезінде орныңда болуың керек. Бұл жұмыста жанашырлық, мұқияттылық пен жауапкершілік аса қажет. Ең бастысы — малды жақсы көру керек», — дейді Наталья Николаевна.
Шаруашылықта техника болғанымен, ауыр қол еңбегі әлі де азайған жоқ. Тракторлар жұмыс істейді, бірқатар процесс механикаландырылған. Дегенмен кейбір жұмыстар әлі күнге дейін қолмен атқарылады. Сондықтан Наталья Тыщук мал шаруашылығын физикалық тұрғыдан да ауыр сала деп есептейді.
Кейіпкеріміздің отбасы да ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Жолдасы Николай Луговой «Агросевер» ЖШС-нің директоры қызметін атқарады. Ерлі-зайыптылар осы ауылда туып-өскен. Екеуі де мектептен кейін шаруашылыққа жұмысқа келіп, туған жерінде еңбек етуді жалғастырған. Олардың үш баласы бар — екі ұл, бір қыз.

«Менің еңбек өтілім — 34 жыл. Мектептен кейін осы шаруашылыққа келдім. Содан бері осында үздіксіз еңбек етіп келемін», — дейді Наталья Тыщук.
Осы бір қарапайым сөздің артында мыңдаған жұмыс күні, түнгі төл қабылдау, өсірілген мал, ұжым алдындағы жауапкершілік пен ауыл өміріне деген адалдық жатыр. Осындай адамдардың күнделікті еңбегі ауыл шаруашылығының тірегіне айналып отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жұмыс берушілердің кінәсінен 10 жазатайым оқиға болды

