СҚО-да 33 мыңнан астам бизнес субъектісі бар. Оларға жағдай жасау — жергілікті әкімдік пен қадағалау және бақылау органдарының міндеті. Осы мақсатта Петропавлда Бірыңғай есеп беру күні өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда бақылау және қадағалау органдарының Бірыңғай есеп беру күні өтті. Шара бизнес өкілдеріне арналған.
Алқалы жиында жыл бойы жүргізілген тексеріс пен оның нәтижелері жіпке тізілді.
Облыста жыл басынан заңсыз алкоголь өнімдерін сатудың 253 дерегі тіркелді. Барлығы тоғыз мың литрден астам ащы су тәркіленген. Спирттік ішімдік сату талаптарын бұзудың 180 фактісі белгілі болды. Сонымен қатар, 38 кәсіпкер 21 жасқа толмағандарға темекі сатқан. 30 жасөспірім түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген.

«Мұндай кездесулер бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ортақ шешімдер қабылданып, полиция мен кәсіпкерлер арасындағы өзара сенім нығаяды. Облыстағы ахуал тұрақты. Кәсіпкерлерден заң аясында жұмыс істеуді сұраймын. Әсіресе құжаты жоқ өзге ұлт өкілдерін жұмысқа салмауларыңызды өтінемін», — деді СҚО ПД бастығының орынбасары Марат Жұмалиев.
Жыл басынан бері облыстағы 32 кәсіпкерлік нысанда өрт тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 10 млн теңгеден асады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз оқиғаларды болдырмау қажет. Ол үшін өрт сөндіргіш құралдарды әрдайым қалыпта ұстап, дабыл қаққыш орнатқан жөн. Бірақ, қарапайым талаптар жиі айтылса да оны орындамайтын кәсіпкерлердің саны азаймай тұр.

«Жыл басынан департамент мамандары 130 кәсіпкерлік нысанды тексерді. Нәтижесінде 1200-ден астам заңбұзушылық анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін 96 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», — деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихын.
Алқалы жиынға 40-қа жуық кәсіпкер қатысты. Тағы 200-і онлайн режимде қосылды. Іскер жандар Бірыңғай есеп беру күнінде жауапты мамандарға өз сұрақтарын қойды, ұсыныстарын жеткізді. Мұндай шаралар өңірдегі кәсіпкерлік саласын дамытуға зор септігін тигізері сөзсіз.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/petropavldyq-policejler-turghyndardyng-quqyqtyq-sawattylyghyn-arttyrwda/

